Дұрыс пайдалана алған жан үшін әлеуметтік желі – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, тұрақты табыстың көзі. Олар бизнестің жаңа сауда кеңістігіне айналып, кәсіпкерлер мен тұтынушыларды бұрынғыдан да жақындата түсті. Сарапшылар бұл құбылысты Social commerce деп атайды. Бұл дегеніміз – бизнесті базарға бармай-ақ жүргізе аласың деген сөз.
Social commerce ̶ қазір кең таралған трендтің бірі. Бұл – әлеуметтік желі арқылы тауар мен қызметті жарнамалау ғана емес, оларды сол платформада сату үдерісі. Яғни тұтынушы өніммен танысып, пікірлерді оқып, сатушымен байланысып, тапсырыс беріп, кей жағдайда әлеуметтік желіден шықпай-ақ төлем жасай алады.
Кейінгі жылдары бұл бағыттың қарқынды дамуына смартфондардың кеңінен қолданылуы, қысқа бейнеформаттардың танымал болуы және инфлюенсер маркетингтің ықпалы көп болды. Бүгінде сатып алушы белгілі бір тауар туралы ақпаратты интернет-дүкеннен емес, алдымен Instagram немесе TikTok желілерінен іздейтін жағдай жиіледі.
Social commerce дәстүрлі электрондық коммерциядан бірнеше ерекшелігімен басып озуда. Егер классикалық e-commerce тұтынушыны компанияның сайтына немесе маркетплейске бағыттаса, әлеуметтік коммерцияда сатып алу процесі әлеуметтік желінің өзінде жүзеге асады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, сатып алушының шешім қабылдауын да жеңілдетеді.
Кәсіпкерлер үшін бұл модельдің мүмкіндігі мол. Әлеуметтік желілерде аудиториямен тікелей байланыс орнатуға, тұтынушылардың пікірін жедел алуға және өнімді мақсатты аудиторияға ұсынуға болады. Сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін қомақты қаржы жұмсамай-ақ онлайн сауда бастауға болады.
Дегенмен әлеуметтік коммерцияның өзіндік тәуекелі де бар. Бизнестің әлеуметтік желі алгоритмдеріне тәуелді болуы, бәсекелестіктің күшеюі кәсіпкерлерден сапалы контент, тұрақты байланыс және тиімді маркетингтік стратегия талап етеді.
Қазір Қазақстанда да әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау қарқынды дамып келеді. Әсіресе, шағын кәсіпкерлер Instagram, TikTok және WhatsApp-ты өнімдерін таныстыру мен сату алаңына айналдырған. Бұл үрдіс цифрлық экономиканың дамуына ықпал етіп, жаңа бизнес-модельдердің қалыптасуына жол ашуда.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары әлеуметтік коммерцияның ауқымы одан әрі кеңейе береді. Себебі жасанды интеллект негізіндегі жеке ұсыныстар, тікелей эфир арқылы сатылым және әлеуметтік желілердегі кіріктірілген төлем жүйелері бұл бағыттың дамуын жеделдете түседі.
Қазіргі таңда Social commerce – жай ғана маркетинг құралы емес. Бұл тұтынушының мінез-құлқы мен бизнестің жұмыс тәсілін өзгертетін маңызды экономикалық үрдіске айналды. Сондықтан жаңа бағытты тиімді пайдалану кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырары анық.
Г. НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!