Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Қазалы ауданына арнайы барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына білім беру нысандарының дайындық барысын да пысықтады.

Қасиетті өлкенің тыныс-тіршілігімен танысуға келген Нұрымбет Аманұлы алдымен Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысына барды.

Өткен жылы басталған білім ордасының құрылысы жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтіп, мектепті уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң аудан орталығында «Айгөлек» балабақшасына ат басын бұрып, апатты жағдайдағы көне ғимараттың алдағы жайын талқылады.

Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке де қосымша ғимарат салу – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ауданға іссапары барысында білім ордасына арнайы барып, жай-күйімен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов мұнан соң Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені мен Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйін көріп, Қазалы қаласындағы №140 орындық «Өрімтал» балабақшасының құрылысымен танысты.

Сондай-ақ, ортағасырлық Жанкент шаһарына да арнайы барып, археологтармен тілдесті. Мамандар қазіргі таңда Германия мен Ресей мемлекеттерінен келген археологтармен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Облыс әкімі орынбасары Нұрымбет Аманұлының Қазалыға жұмыс сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов және тиісті бөлім басшылары бірге жүрді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!