Ақмешітте аң мен құстың түрі көп болса да тұрғындар үшін жан-жануарлар қашанда тың дүние. Түйеқұстан бастап барлығына күтім жасайтын Латын Америкадағыдай «Ранчо», яғни шағын зообақ бүгінде Қызылордада іске қосылды. Жануардың оннан аса түрін бір аумаққа сыйдырған Тимур Жүсіповтың зообағы «Ранчо 83» деп аталады. Аймақтағы жаңашылдықты тұрғындарға жеткізу үшін зообаққа арнайы бардық.

Қызылордада зообақ ашылды
Қызылордада зообақ ашылды
Қызылордада зообақ ашылды
Қызылордада зообақ ашылды

Ақылшым – ғаламтор

Көп адамдар бизнесте өздерін сынап көруді армандайды. Ал сол ойын іске асыратындар ілуде біреу. Кейбіреулер жақсы идеяның жоқтығынан табыс табудың тетігін білмей жүр. Рас, Қызылордада балалармен бірге уақыт өткізетін жерлер тым сирек. Демалыс паркі, кафе, орталық алаң, кинотеатрдан басқа қай жерге баруға болады? Айына 3-4 рет барсаңыз балалардың өзі сол жерден жалығады. Соны ойлап тың дүние жасауды қолға алдым. Ақылшым – ғаламтор. Түрлі кеңесті, ақпаратты ғаламтордан қараймын және идея аламын. Жылу орталығының жанынан тозығы жеткен 2 гектар жерді алып, ранчо ашуды қолға алдым. Бұл ата-аналар үшін керемет жер боларына сендім. 2 жыл уақыт жерді тегістеп, күл-қоқысын шығарумен айналыстым. Зообақтың қазіргі сұ­лулығы 2 жыл төккен тердің жемісі. Бұл жерде асхана желісі, балалар алаңқайы, барлығы қарастырылған. Тіпті күннің ыстығын сезіндірмейтін сумен тамшы­латып салқын­дату әдісі де іске қо­сылған. Тұрғын­дар үшін қалтаға қонымды бағада қызмет көрсе­тіп жа­тыр­мыз. Үл­кен­дерге – 700 теңге, бала­лар­ға – 500 теңге тари­фін бекіт­тік.

Қызылордада зообақ ашылды

Экзотикалық жануарлар болмайды

Ранчоның ең құнды жануары – 2 түйеқұс. Зообақтың сәнін келтіріп тұр десем қателеспеймін. Өйткені қаладағы алғашқы ерекшеліктің бірі. Әлі 6 айлық балапан. 1 жылдан кейін бойы 3 метрге жуықтайды. 1 жұмыртқасы тауықтың 30 жұмыртқасына татиды. Мұны Түркістан қаласынан алдырттық. Шыны керек алып келу қиынға соқты. Одан кейін құстардан қаз, үйрек, бағалы тауықтар, павлин, цесарка секілді түрлерін асырап жатырмыз. Қала тұрғындары үшін ешектің өзі таңсық жануар. Оны да табу қиынға соқты. Қазір ауыл-аймақтың өзінен іздеп табу мүмкін емес. Асыл тұ­қым­ды жыл­қылар да келу­шілер үшін сұ­ра­нысқа ие. 15 минут­тан бастап 1 са­ғатқа дейін жалға бере­міз. Кіш­кен­тай бүл­дір­шіндер үшін зообақ­тың қоян­дары шынайы ойыншық іспеттес. Қоян­дарды ұстап ойнаған балғын балалар ранчодан қайтқысы келмейді. Алдағы уақытта жануар­лардың түр-түрін алуды көздеп отырмын. Бірден айтайын аю, қасқыр, арыстан секілді экзотикалық жануарлар болмайды. Өйткені оларды қызметке қосар болсақ келушілер үшін ақылы қызметтің құны ұлғаяды. Сондықтан қырғауыл, пони секілді қолға бағынатын хайуаннатарды жақын арада алдырамын.

Қызылордада зообақ ашылды
Қызылордада зообақ ашылды

Тың дүниеге жарнама қажет емес

Ранчо ашылған сәтте жұбайым Майра «қалай болады екен» деп уайымдағаны бар. Мүмкін блогерлер мен танымал тұлғаларды шақырып, қаламақыға жарнама түсірерміз деген кеңестерін айтты. Бірақ ол кеңесіне құлақ аспадым. Өйткені қаладағы ерекшелікті бір көрген адам сөзсіз өзгелерге де жеткізетіні айқын. Сондықтан жарнамаға әуестенбедім. Айтарым, тың дүниеге жарнаманың қажеті жоқ. Алда әлі қала үшін тосын сый болатын жобаларым жетерлік. Қаланың шыға берісіндегі жылу орталығының маңына  тұрғындардың аяғы баса бермейді. Сол маңайды гүлдендіріп, қаланың келбетіне көрік қосқым келеді.

Қызылордада зообақ ашылды

Ерасыл ШӘРІБЕК,

Суретті түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!