Ерте жүктілік деп 13-19 жастағы жүктілікті айтамыз. Бұл кезде қыздарда бойжеткен кезеңі – гормоналды ауысу кезеңі басталады. Бұрын ерте жүктілік жағдайы төмен отбасыларында болады деп есептелген, бірақ қазір бұл пікір өзгерді. Себебі тұрмыс жағдайы жақсы отбасында өскен балалардың көбі жауапкершілікті сезінбейді.

Көбіне ата-аналар балаларының сексуалды өміріне араласқысы келмейді. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарынан, интернеттен біледі деп ойлайды. Алайда қызбен де, ұлмен де ата-ана ашық әңгімелесіп, ерте жүктіліктің алдын алуды қамдау керек. Контрацепция құралдары, контрацепция жайлы кітаптар алу жеткілікті емес, ең бастысы, оны қолдануды әдетке айналдыру маңызды. Сондықтан қаламаған ерте жүктілік – жыныстық тәрбиенің дұрыс жүргізілмегенінің нәтижесі деп сеніммен айтамыз.

Ерте жүктіліктің кауіп-қатері бар ма? Әрине бар. Біріншіден, жүктілік кезінде жүрек-қан тамыр жүйесіне, эндокриндік жүйеге және т.б. қосымша жүктеме түсетіні белгілі. Ал бойжеткеннің әлі толық қалыптаспаған ағзасына одан да ауыр жүк түседі. Жас ана жүктілікті физикалық көтере алмайды. Жас анада таңдау тұрады: аборт жасау немесе баланы қалдыру. Бұл арқылы өзін және нәрестені кауіп-қатерге тігеді. Толық қалыптаспаған ағза жүктілікті және босануды көтере алмауы мүмкін, сондықтан мерзіміне жетпеген нәресте немесе денсаулығында кінәраты бар бала тууы мүмкін.

Ерте жүктіліктің бірден бір себебі отбасындағы жағдайға байланысты. Қазіргі қоғамда қыздардың жыныстық дамуы ерте жүреді, сондықтан сексуалдық қалау да ерте дамиды. Ата-аналардың басты мақсаты: балаларды жыныстық өмірге психологиялық дайындау керек және бұл балалар жыныстық өмір бастамай тұрып ерте жасалу қажет. Аборттың алдын-алудың бір жолы – контрацепция.

Екіншіден, психологиялық мәселе. Жүкті екенін білген қыз оңашаланады, өзі үлкен мәселелерді шеше бастайды, яғни ерте есейеді.

Үшіншіден, әлеуметтік мәселе. Қазіргі қоғам ерте жүктілікке қарсы, көбіне екінің бірі сөгеді, талқылайды. Қыз бала ата-анасына айтуға қорқады, я болмаса оқу орнын тастайды. Білімі жоқ болған соң дұрыс жұмысқа орналаса алмайды. Баланы және өзін бағу үшін жеңіл жүрісті өмір бастайды, олардың көбі екінші қайтара жүкті болып жатады. Ең бастысы, ата-ана қандай жағдай болса да өз тарапынан қолдау көрсету керек. Бүгінгі күннің трагедиясы тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Біз көз жұма қарап жүрген бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік хабардар. Өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет оның өмірінде сызат қалдырады.

Ерте жүктіліктің ертеңі қандай? Қазақстан зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, қазіргі таңда 16-17 жастағы қыздардың 30%-ы жыныстық қатынасқа түскен. Ерлі-зайыптылардың 75% қуанышы алғашқы сәбиіне арналатынын ескерсек, қоғам ұят не жабық тақырып деп қарайтын бұл мәселеде қыздарды балалықтан да, ана махаббатынан да ерте айыратынымызды айқын түсінуіміз керек. Ең бастысы, бұл – адам тағдыры.

Айгүл ТҰРАРҚЫЗЫ,

педагог-психолог

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!