Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша қызыл аймақта тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

«Коронавирусқа шалдығу Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ақтөбе мен Алматы облыстарында өсіп жатыр. Науқастанғандардың жалпы санының 63 пайызы Алматы, Нұр-Сұлтан қаларының, Алматы облысының тұрғындары. Алматы қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай тіркелсе, сәуірде 600 жағдайға дейін жетті. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай болса, сәуірде 500 жағдайға дейін артып отыр», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Сонымен қатар ол Алматы облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші ақпандағы 70 жағдайдан сәуірде тәулігіне 270-ке жеткенін айтты.

«Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы бір апта бойы тәуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» тұр. Сонымен қатар тәуекелі жоғары аймақта еліміздің 7 өңірі бар. Олар: Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс, Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Ақмола облыстары», – деді Алексей Цой.


turkystan.kz