Қазақстандықтардың 56 пайызы екпе салдыруға қарсы емес. Қалған пайызы бұл сұраққа жауап бере алмаған. Ел тұрғындарының екпе туралы көзқарасын білу мақсатында сауалнама жүргізген BISAM Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеу орталығы осындай қорытынды шығарды. Ал әлем бойынша Gallup International қауымдастығы жүргізген сұрақ-жауап нәтижесі 47 елдің 67 пайызы вакцина сапалы әрі тиімді болса, екпе егуді қолдайтынын көрсетті. Сондықтан мамандар ел арасындағы вакцина туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайтынын айтады.

ТАСС агенттігінің БАҚ-тағы ресми ақпарат негізінде жүргізген есебіне сәйкес әлем бойынша коронавирусқа қарсы вакцина алған адамдар саны алғаш рет ауру жұқтырғандар санынан асқан. Бүгінде вакцина ең көп салынған ел – АҚШ, мұнда 33,7 млн адам екпе алған. Екінші орында Ұлыбритания, теңіз сыртындағы аумақтар, Нормандия аралдары және Мэн аралын есептегенде 10,2 млн адамға вакцина егілді. Үшінші орында – Израиль, елде 5,05 млн адам егілді.Ал жаппай егу басталғалы елордада екпе салдырғандар саны 600 адамнан асты. Олар екпе салынатындардың бірінші кезеңіндегі медицина қызметкерлері екенін білеміз. Ақ халаттылар ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қазақстандық екпені күте алады. Бірақ, ең бастысы, әрбір медицина маманы өзінің тәуекел аймағында екенін түсінуі керек. Инфекциялық стационарлардың қызметкерлері үнемі «қызыл аймақта» жүреді. Олар вакцина алмаса, өзінің өмірімен бірге жақындарының денсаулығына қауіп төндіретінін ұғуы қажет. Олардың бәрі медицина маманы болғандықтан вакциналаудан басқа балама амал жоқ екенін біледі. Сондықтан вакцина таңдау еркі берілген.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!