Конгоның Кванго провинциясында белгісіз ауру тарап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жергілікті Actualite агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, дәрігерлер инфекцияның қоздырғышын әлі тапқан жоқ.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі провинцияға мамандар бригадасын жібергендерін мәлімдеді. Дәрігерлер тіркелген жағдайларды бірден емдеп, аурудың сипаттамасын анықтау үшін қан сынамасы мен өзге де қажетті талдауларды алады. Провинцияда «ауқымды далалық зерттеулер» жүргізу жоспарланып отыр.
Ағымдағы зерттеулердің нәтижесін күту барысында министрлік халықты сабыр сақтап, профилактикалық шараларды жіті әрі қатаң сақтауға шақырады, – делінген денсаулық сақтау министрінің үндеуінде.
Халыққа көпшілік жиналған орындарға бармауға, қолды үнемі сабындап жуу сынды гигиена ережелерін сақтауға және ауырған жағдайда билікке хабарлауға кеңес берілді.
Квангода белгісіз аурудың алғашқы жағдайы қазанда тіркелген. Аурудан бүгінгі таңда 143 адам қайтыс болды. Инфекция жұқтырғандар саны 376-ға жеткен. Олардың басым көпшілігі – 15 жастан асқан жасөспірімдер. Инфекция жұқтырған кезде адамдардың дене қызуы көтеріліп, бастары ауыратыны айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!