Қағылған шеге

Пирсинг жасату жастар үшін сәнде. Осы уақытқа дейін қаншама жас мұрны мен тілін тескізіп пирсинг жасатқан. Ал биыл саусақты тесіп, сақина тағу сәнде. Құлаққа сырғаның түр-түрін таққандарға жақтырмай қарайтынымыз анық, ал саусақтағы пирсингті көргенде қандай күйде болатынымыз белгісіз. Бастысы, еліктеуде өздерін құрбан ететін жастар көбеймесе дейміз.

Бүгінде бойжеткендер сұлулық үшін ештеңеден тайынбайтын тәрізді. Желідегі бойжеткендердің суреттеріне көз жүгіртсек, саусағының терісін тесіп, гауһар тас орнатқан. Әшекейдің мұндай түрі бірден көпшіліктің назарын аудартып, жұрттың қызу талқысына түсуде.

“Бір күні вконтакте желісінде отырғанымда бойжет­кендердің ерекше суреттері көзіме түсті. Аңғарып қарасам, сақиналары гауһар тас. Оның үстіне сақинаның тек көзі ғана көрінеді, саусағы қызарып кеткен. Сөйтсем бұл соңғы үлгідегі сән үлгісі екен ғой. Жалпы пир­синг­ке қарсы­мын, ата-анам да түбегейлі қарсы. Сосын да мұндай нәрселерге алыстан қызығушылық танытамын, ерік өзімде болса, әрине жасатуға қарсы емеспін. Не дегенмен сұлулық құрбандықты қажет етеді емес пе?, – дейді желі қолданушысы Аяулым.

Бір қызығы, пирсинг жасайтын салондардың бірі дәстүрлі түрде неке жүзіктерін пирсингке алмастыруды ұсынған. Алайда саусақтың жазылуына бір жыл уақыт кетеді екен. Егер отбасын құруға немесе айырылысуға қатысты өзгеріс болып жатса, қиындық туындайтынын да жасырмаған.

“Пирсингтің барлығын көріп шықтым, өзіме ұнаған суретттері де болды. Бір сақинаға ғана тоқталмай, барлық саусақтарын тестіргендерді көрдім. Жасыратыны жоқ маған қатты ұнады. Дегенмен бұл қазаққа, оның ішінде ауылда тұратын қыздарға тән емес. Бізде алдымен “ата-анам не дейді?”, “көрші-қолаңның қандай ойы бар?” деген түсінік басты орында тұрады”, – дейді Малика есімді бойжеткен.

Рас, жастардың дені еліктегіш келеді. Олар сәнге айналған нәрсенің бәрін орындап, киетін киімді киіп, несиеге болса да соңғы шыққан қалта телефонын алуға құмар. Сондықтан да қағылған шегені бойжеткендердің көбі пайдаланады ма деп қорқамыз. Қазіргі таңда табиғи сұлулықтан жасанды сұлулыққа жаны құмар жастарды ұстап тұру оңай емес. Өйткені жасанды отаның арқасында бет-әлпетін түбегейлі өзгертіп жатқандары қаншама!

Жаратқан иеміз де Құран Кәрімде: «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым», дейді. Расында, біздің түр-тұлғамыз бен тік жүруіміз жер бетіндегі өзге тіршілік иелеріне қарағанда сымбатты екені айдан анық. Тәңірден асқан суретші жоқ болса да, жасанды сұлулыққа деген талас енді толастамайды.

– Біздің салонда кез келген үлгіде қызмет көрсетеді. Дегенмен пирсингтің денсаулыққа зиянын ескере отырып, ол түрін жасамаймыз. Жалпы мұны жасөспірімдер жасатады. Байыбына, зияндылығына мән беріп жатпайды. Оларда басты түсінік – сәннен қалмау. Жастардың ой-өрісін өзгерту бізге қиын. Салонға келгендерге “мынау пайдалы, мынау пайдасыз” деп айтып түсіндіре алмаймыз. Сондықтан да біз бұл қызметті көрсетпейміз. Өзге салонға барып, бұл қызмет түрін пайдаланып жатса, мұқият қарауға, залал­сы­з­дандырылған құрылғымен жұмыс істеуін талап етуіне құқы бар. Әйтпесе пилинг жасатуға да кеңес бермес едім, – дейді салон қызметкері Айжан.

Әрине, әйел баласының әдемілікке деген құштарлығында тұрған еш оғаштық жоқ. Бірақ ертеңді ойласақ, денсаулықты, ұрпақты ойласақ, пластикалық хирургке барарда он рет ойланып, қырық рет толғанған жөн. Ал мұндай пирсинг жасатқысы келгендерге қауіпсіз және залалсыз­дандырылған құрылғылармен жұмыс істейтін салондарға ғана жүгінуге болатынын тағы да еске саламыз.

Мөлдір САБЫРЖАН