Kyzylorda-news.kz.  Бүгін Қызылорда облысында «Covid-2019» инфекциясына қарсы екпенің екінші кезеңі басталды. Аймаққа «Спутник V» екпесінің барлығы 6200 доза «Гам-Ковид-Вак» вакцинасы жеткізілген. 14 егу кабинеті жұмыс істеп жатыр. Қауіпті індетке қарсы екпені білім қызметкерлері мен жұқтыру қаупі жоғары жұмыс орындарының қызметкерлері алып жатыр.

Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваның айтуынша Қызылорда қаласы бойынша 55 мектеп, 28 балабақшада 8 мыңға жуық педагог қызметкер жұмыс істейді. Сол қызметкерлердің 20 % бүгін екпе салдырған.

«Еш мәжбүрлеусіз, өз денсаулығымыз үшін екпе алдық» деген мектеп директорлары індеттің алдын алудың бірден бір жолы осы деп біледі.   

«Бүгінгі күні екпе алу – әлемді шарпыған індетке қарсы күресте басты қару. Мен әріптестеріммен бірге келіп, вакцина салдырдым. Әзірге еш қиындық жоқ. Денсаулығымыз өз қолымызда. Түрлі алып қашпа әңгімелерден аулақ болып маман пікіріне құлақ асқан жөн. Қарапайым сақтық шараларын сақтап, тәртіпке бағынсақ қауіптен арыламыз», – дейді қаладағы №101 Әли Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінің директоры Айгүл Өткелбаева.

Вакциналау жұмыстары І кезеңде қаладағы №1, 3, 6 емханаларында жүргізілсе, ІІ кезеңнен бастап аудандарды да қамтымақ. Ол үшін барлық екпе талапқа сай, температуралық режимді қадағалайтын арнайы көліктермен халық санына байланысты жеткізілуде. Егу науқанында медицина қызметкерлері дайындық курсынан өткен.

«Бүгін І кезеңде екпе алмаған медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне вакцина салынып жатыр. Вакцинадан бас тартып жатқан азаматтар әзірге жоқ. Тек денсаулығына байланысты кейінге шегеріп жатқан адамдар болды. Олар 1 аптадан кейін қайта келіп екпе алса болады», – деді №3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр Ілиясова.