Жыл сайын әлемде 31 мамырда «Темекісіз күн» атап өтілетінін білесіз бе? Бұл күн темекінің адам денсаулығына, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы ақпарат таратып, жұртшылықты зиянды әдеттен бас тартуға шақыратын маңызды дата. 1987 жылы ДДСҰ бекіткен дәл осы күнге орай темекі өнімдерінің адам денсаулығына кері әсері, жастар арасындағы зиянды әдет һәм Қазақстандағы заңсыз айналым жөнінде кеңінен тарқатқанды жөн көрдік.
Өкпеге көк түтін емес, көп күтім қажет
Темекінің құрамында мыңдаған химиялық зат бар. Олардың ішінде адам ағзасына аса қауіпті улы қоспалар кездеседі. Никотин адамды тәуелділікке ұшыратса, темекі түтініндегі шайыр өкпені зақымдайды. Ал көмірқышқыл газы мен өзге де улы заттар жүрек пен қан тамырларының жұмысына кері әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, шылым шегу өкпе обырына, жүрек-қан тамырлары ауруына, инсультке, тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларына, иммунитеттің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ темекі шегетін адамның өзі ғана емес, оның жанындағы адамдар да зардап шегеді. Мұны «пассивті темекі шегу» деп атайды.
Қазіргі кезде электронды темекі, вейп, қыздырылатын темекі өнімдері кең таралып барады. Көпшілік оларды «қауіпсіз балама» деп қабылдағанымен, дәрігерлер олардың да ағзаға зиян екенін ескертуден әсте жалыққан емес. Әсіресе жасөспірімдердің жүйке жүйесі мен тыныс алу мүшелеріне әсері өте зиян. Мамандардың пікірінше, темекіні ерте жастан бастау оның тәуелділікке айналу қаупін бірнеше есе арттырады. Бұл тек денсаулыққа ғана емес, оқу үлгеріміне, болашақ өмір сапасына да әсер етеді.
Шылымның зияны тек адам денсаулығымен шектелмейді. Жыл сайын әлемде миллиардтаған темекі тұқылы жерге тасталады. Оның құрамындағы улы заттар топырақ пен суды ластайды. Сонымен қатар темекі өндірісіне көп мөлшерде су мен ағаш ресурстары жұмсалады. Яғни бір тал темекінің артында адам денсулығына ғана емес, табиғатқа да келетін үлкен залал жатыр.
Жастар мәдениеті: шылым шегу сән бе, әлде қауіп пе?
Бүгінде қоғамда шылым шегу тек зиянды әдет ретінде ғана емес, кейбір жастар ортасында өзіндік «стиль» немесе «ересектік белгісі» ретінде қабылдана бастағаны байқалады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен поп-мәдениеттің әсері бұл құбылысты күшейтіп отыр. Бірақ сырттай тартымды көрінгенімен, оның артында терең әлеуметтік және денсаулыққа қатысты қаншама қауіп жатқанын аңғара бермейміз.
Жастардың шылым шегуге әуестенуінің бір себебі – оны «ересек көрінудің» немесе «тәуелсіздіктің» символы ретінде қабылдауы. Кейбір жасөспірімдер темекі шегуді батылдық, еркіндік немесе өзін көрсету құралы деп түсінеді. Алайда бұл шынайы еркіндік емес, көбіне сыртқы әсер мен қате түсініктің нәтижесі ғана. Бұл құбылыста әлеуметтік ортаның ықпалы ерекше рөл атқарады. «Бәрі шегеді» деген түсінік немесе достардан, ортадан қалыспау ниеті көптеген жасты темекіге итермелейді. Психологтардың айтуынша, жасөспірім кезеңде адамның шешіміне жеке ойдан гөрі араласатын ортасының әсері әлдеқайда күшті болады.
Көк түтін саналы таңдау ма, әлде әлеуметтік қысымның нәтижесі ме? Осы хақында білмекке Д. есімді жасөспірімге сауалнама жолдадық.
– Темекі шегіп бастағаныма шамамен бір жарым жыл болды. Әрине, бұл құпиямды ата-анам, жақындарым білмейді. Себебі қалаға оқуға келген уақыттан бастап жасырын тұтынамын. Басында тек қызығушылық оянды. Достарымның арасында «бір рет тартып көр, ештеңе етпейді» деген әңгіме айтылатын. Достарымның бәрі шегетін сияқты көрінді. Шынымды айтсам шет қалмау үшін бастадым. Алғашында басым айналды, жөтелдім. Бірақ бәрібір тоқтамадым. Себебі айналамдағылардан қалуды намыс көрдім. Дәл қазір ойланып қарасам, ақшаға да, денсаулыққа да зиян екенін білемін. Кейде тастаймын деп шешім қабылдаймын, бірақ қайтадан орта әсер етеді. Расымен, ең қатты әсер ететіні – орта. Егер достарың шексе, сен де байқамай соған бейімделесің. Бұл әлсіздік емес, дұрыс таңдау жасай алмаудан басталады. Бір реттен ештеңе болмайды деп ойлайды, бірақ ол әдетке айналып кетуі мүмкін. Ең қиыны – қайта тастау, – дейді Д. есімді қала тұрғыны.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желілер де бұл үрдіске әсер еткенін жасыра алмаймыз. Instagram мен TikTok платформаларында темекімен немесе вейппен түсірілген «эстетикалық» видеолар мен фотолар жиі кездеседі. Түтін арқылы жасалған «стильді образдар» кей жастар үшін тартымды көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай контент темекінің сыртқы әсеріне ғана назар аудартады.
Ерекше алаңдататын жайт – түрлі дәм қоспасымен жасалған электронды темекі мен вейптің жастар арасында кең таралуы. Көпшілігі оны «зияны аз», «заманауи» немесе «қауіпсіз балама» деп ойлайды. Алайда бұл да никотинге тәуелділік қалыптастыратын құрал екенін ескере бермейді. Яғни форма өзгергенімен, мазмұны сол күйінде қалады.
Заңсыз айналымның зардабы
Кейінгі жылдары Қазақстанда заңсыз темекі айналымы күрт өсіп, ел экономикасына, халық денсаулығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Мемлекеттік кірістер комитеті мен тәуелсіз зерттеу ұйымдарының деректері бұл мәселенің ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Контрабандалық және контрафактілік темекі өнімдері елдің түрлі өңірлерінде анықталып, миллиондаған қорап заңсыз тауар тәркіленуде.
2023-2024 жылдары Қазақстанның бірнеше облысында заңсыз темекі өнімдерінің ірі партиялары қолға түсті. Алматы облысында 11 мыңнан астам дана темекі анықталса, Павлодар мен Абай облыстарында 2 миллион қораптан астам өнім тәркіленді. Атырау облысында 100 мың қорап, Қостанай облысында 14 мыңнан астам заңсыз темекі өнімінің айналымына тосқауыл қойылды. Бұл деректер көлеңкелі нарықтың ауқымын ғана емес, оның жүйелі сипат алғанын да аңғартады.
NielsenIQ агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстандағы темекінің әрбір оныншы қорабы заңсыз жолмен сатылған. Заңсыз темекі айналымының үлесі 2021 жылғы 3,3 пайыздан 2023 жылы 9,1 пайызға дейін өсті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 10 пайыздан асуы мүмкін деген болжам бар. Соның салдарынан мемлекет бюджеті ондаған миллиард теңге салық түсімінен айырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, заңсыз темекінің кең таралуының негізгі себебі оның арзандығы. Қазақстанда темекінің ең төменгі бағасы 870 теңге болып бекітілсе, контрабандалық өнімдердің бағасы 300-400 теңге аралығында сатылады. Кей жағдайда мұндай темекілерді 300 теңгеге дейін сатып алуға болады. Баға айырмашылығы халықтың әлеуметтік жағдайы төмен аймақтарында заңсыз өнімге сұранысты күшейтеді.
Контрабандалық темекінің тағы бір қауіпті тұсы – оның сапасының белгісіздігі. Мұндай өнімдер кедендік және санитарлық бақылаудан өтпейді, құрамында қандай заттар бар екені белгісіз. Заңды темекі өнімдерінде денсаулыққа зияны туралы ескерту, қазақ тіліндегі ақпарат және арнайы цифрлық код болуы міндетті. Ал заңсыз өнімдерде мұндай талаптар сақталмайды. Сарапшылар контрабандалық және контрафактілік өнімдердің айырмашылығына да назар аударады. Контрабанда – бір елде өндірілген темекінің басқа елге заңсыз жолмен жеткізілуі. Ал контрафакт – белгілі брендтердің өнімдерін рұқсатсыз қолдан жасап шығару. Қазақстан нарығында екі түрі де кең таралған.
Қазақстанға заңсыз темекі негізінен Біріккен Араб Әмірліктерінен, Қырғызстаннан, Ресейден және Қытайдан келеді. Сарапшылардың мәліметінше, негізгі тасымал жолдарының бірі Иран, Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстан арқылы өтеді. Алдымен БАӘ-ден Иранға паром арқылы жеткізілген өнімдер кейін жүк көліктеріне тиеліп, Орталық Азия арқылы Қазақстанға жеткізіледі.
Қырғызстан арқылы өтетін бағыт ерекше маңызды. Бішкек қаласындағы Duty Free дүкендеріне шамадан тыс көлемде темекі жеткізіліп, кейін олардың бір бөлігі Қазақстан мен Ресей нарығына заңсыз таратылады. Сарапшылар мұндай схемаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де жоғары екенін айтады.
Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне темекі өнімдері «Қордай», «Айша Бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» және «Гродеково» секілді шекаралық бекеттер арқылы жеткізіледі. Кейін өнімдер еліміздің әртүрлі базарлары мен шағын сауда орындарына таралады. Заңсыз темекі өнімдерінің таралуына интернет пен мессенджерлер де ықпал етіп отыр. Әлеуметтік желілерде арзан темекі ұсынатын жасырын топтар мен арналар көбейген. Мұндай өнімдерді жеткізу курьерлік қызметтер арқылы жүзеге асырылады.
Мамандар заңсыз нарықтың тек экономикаға ғана емес, қоғамға да үлкен зиян келтіретінін айтады. Біріншіден, мемлекет акциздік салықтардан қағылады. Екіншіден, көлеңкелі бизнес ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпал етеді. Үшіншіден, сапасыз өнім халық денсаулығына айрықша қауіп төндіреді.
Қайтпек керек?
Қазақстанда темекінің заңсыз тасымалы және заңсыз саудасымен күресу үшін 2020 жылдан бастап міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Әрбір заңды темекі қорабында арнайы Data Matrix коды болуы тиіс. Бұл код арқылы өнімнің қайда өндірілгені және қандай жолмен сатылымға шыққаны анықталады.
Тұтынушылар өнімнің заңдылығын «Нақты өнім» мобильді қосымшасы арқылы тексере алады. Қосымша арқылы кодты сканерлеп, тауардың ресми тіркелген-тіркелмегенін білуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар азаматтар заңсыз өнім туралы шағым да жолдай алады. Алайда сарапшылар бұл жүйенің де әлсіз тұстары бар екенін айтады. Біріншіден, мобильді қосымша халық арасында аса танымал емес. Екіншіден, шағым беру кезінде азаматтың жеке мәліметтері көрсетілетіндіктен, адамдар қауіптеніп, заңсыз өнім туралы хабарлауға қорқады.
Бүгінде Үкімет пен құқық қорғау органдары темекі контрабандасымен күресті күшейтуге кірісті. Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан арнайы жедел штаб құрылған. Сонымен қатар заңнаманы күшейту мәселесі де қарастырылуда. 2024 жылдан бастап бизнесті тексеруге қойылған мораторийдің аяқталуы көлеңкелі нарықпен күресті жандандыруға мүмкіндік берді. Сарапшылар шекаралық бақылауды күшейту, көтерме сауда орындарын жиі тексеру және заңсыз өнімді сақтағаны үшін жазаны қатаңдату қажет екенін айтады.
Парламентте әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша өзгерістер қарастырылуда. Қазіргі заң бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бірнеше миллион теңге айыппұл салынғанымен, қылмыстық жауапкершілік сирек қолданылады. Осы себепті көптеген контрабанда ұйымдастырушы жеңіл жазамен құтылып кетеді.
Сарапшылар халықаралық тәжірибеге де назар аударуға шақырады. Мысалы, Ресейде заңсыз темекі тасымалы үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген. Мұндай тәжірибе Қазақстанда да қолданылуы мүмкін.
Ұлттық статистика бюросының зерттеуі бойынша, Қазақстанда темекі тұтынушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2024 жылы халықтың 20 пайыздан астамы темекі шегетіні анықталған. Ерлер арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Темекі тұтыну әсіресе ауылдық жерлерде жиі кездеседі екен.
Мамандар темекі бағасының салыстырмалы түрде арзан болуы да шылымқорлықтың өсуіне әсер ететінін айтады. Халықаралық рейтингтерде Қазақстан темекі ең арзан елдердің қатарына кіреді. Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешу үшін тек бақылауды күшейту жеткіліксіз. Темекіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын насихаттау да маңызды.
Қорыта айтқанда, темекі контрабандасы – тек экономикалық емес, әлеуметтік әрі қауіпсіздікке қатысты күрделі мәселе. Егер заңсыз нарықпен күрес күшейтілмесе, мемлекет миллиардтаған теңге салықтан қағылып ғана қоймай, халық денсаулығына төнетін қауіп те арта береді. Сондықтан бұл бағыттағы күрес мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Салауатты өмір салтын таңдау – болашақ ұрпақтың дені сау, белсенді әрі бақытты өмір сүруінің кепілі.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
