Үйлену тойлары мен басқа да салтанатты жиындарға екі жыл бойы бармау қазақстандық отбасыға ипотеканы толық өтеуге, балаларына капитал жинауға және пассивті табыс көзіне қол жеткізуге мүмкіндік берген. Қаржы сарапшысы Перизат Бауыржан мұндай тәсіл халықтың несие жүктемесін айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді деп есептейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ашық алаң» бағдарламасында қаржы сарапшысы Перизат Бауыржан өзінің жеке қаржы үнемдеу тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл шешім отбасының бірден бірнеше ірі қаржылық мәселесін шешуге көмектескен.

Сарапшының сөзінше, олардың отбасы екі жыл бойы саналы түрде тойлар мен басқа да мерекелік іс-шараларға барудан бас тартқан. Осы уақыт ішінде олар ипотекалық несиені толық жауып, екі баласына қосымша капитал жинап, қомақты қаражат қорын қалыптастырған.

«Отбасымызбен екі жыл бойы тойға бармадық. Соның нәтижесінде ипотекамызды толық жаптық, екі баламызға қосымша капитал жинадық әрі қомақты қаражат қорын қалыптастырдық. Қазір сол қаражат салынған депозиттен ай сайын 250 мың теңге табыс түсіп отыр», – деді Перизат Бауыржан.

Оның пікірінше, отбасылық тойларға тұрақты түрде қатысып, қымбат сыйлықтар жасау дәстүрі көптеген қазақстандықтың бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан мұндай шығындардан уақытша бас тарту отбасының қаржылық жағдайын едәуір жақсарта алады.

«Бүгінде халықтың 52 пайызында несие бар. Егер әрбір отбасы кем дегенде екі жыл бойы тойларға барудан бас тартса, шамамен 15 миллион теңге жинай алады. Осындай тәсілді 1000 отбасы ұстанса, елдегі қарызы бар азаматтардың үлесі 52 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеуі мүмкін», – деді сарапшы.

Перизат Бауыржанның бұл пікірі қоғамда қызу талқылануда. Себебі той, үйлену тойы және басқа да отбасылық мерекелерге кететін шығындар көптеген қазақстандық отбасының бюджетінде маңызды орын алады. Соңғы уақытта қаржы кеңесшілері, әсіресе несие немесе ипотека төлеп жүрген азаматтарды мұндай шығындарға барынша ойланып қарауға шақырып келеді.

Сарапшының айтуынша, қаржылық әдеттерді уақытша қайта қараудың өзі қарыздан құтылып қана қоймай, қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыруға және болашақта тұрақты пассивті табысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!