Сау тіс – денсаулық кепілі. Адамның ажары да тіс. Тіс мықты, аппақ, түзу болу үшін ауыз қуысының күтімін бала кезден бастаған жөн. Баланың тіс күтімі туралы не білу керек? Бұл туралы тіс дәрігері Құралай Өмірзаққызынан сұрап көрдік.

Сәбидің сүт тістері 5-6 айлығында шыға баста­ғаны­мен, сүт тістердің ұрығы бала ананың құрса­ғында жатқанда-ақ пайда болады. Бала 2-3 жасқа келгенше үстіңгі және төменгі иекте барлығы 20-дай тіс шығады. Осы сүт тістер бала 6 жасқа келген кезде түсе бастайды. Көбіне 2-3 жасқа келген бүл­дір­шіндерде тіс жегісі жиі кездеседі. Мамандар тіс жегісінің асқынған түрін пульпит, периодонтит деп атайды. Кейбір ата-аналар баланың тісі іріңдеп, жа­ғы ісіп, әбден мазасызданған кезде ғана дәрігерге апарып жатады . Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда баланың тісін жұлып тастауға болмайды. Ерте жұлынған тіс денсаулығына кері әсер етеді. Тіс ауруы асқынып, периостит болған жағдайда ғана тісті жұлуға тура келеді. Бала тістерінің ерте зақымдалуы, жұлынуы жақтың дамуына және ас қорытуына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ бүлдір­шіндердің сақауланып, тілін тіске тақап сөй­леуі секілді әдеттер де тісінің әсерінен болуы мүмкін.

Қалыпты жағдайда балаларда 10 сүт тіс, 28 тұ­рақты тіс және кейінірек шығатын қосымша 4 ақыл тіс болады. Әр тістің өз орны бар. Сүт тістер ерте жұлынса, тұрақты тістер қисық шығуы мүмкін.

Сәбидің сүт тістерінің шығуының өзі – күрделі процесс. Тісі жарып жатқан кезде балалар мазасыз­данады, қызуы көтеріледі, тәбеті болмайды. Жал­пы, баланың кез келген мазасыздануына бей-жай қарамау керек. Көп жас аналар «ештеңе етпейді, тісі шығып жатыр ғой» деп мән бермейді. Тісі шыға бастаған баланы профилактика үшін де тіс дәрігеріне көрсеткен дұрыс. Кейінгі кезде 2-3 жас­тағы сәбилерде тіс жегісі кездеседі, тіпті 80-90 пайызында тіс жегісі бар десек артық емес. Кейде тіпті бір жасына дейін тісі шықпаған балалар да кездеседі. Сәбидің тісінің сау болуы ата-ананың денсаулығына да байланысты. Жүкті әйел өзінің тамақтануына, денсаулығына дұрыс күтім жасауы керек. Әйелдің жүкті кезіндегі жеріктігі ауыр болса, көп мөлшерде дәрі-дәрмектер қабылдаса, дұрыс тамақтанбаса, ағзаға кальций жетпесе, бұл сәбиінің тістерінде кемшілік болуына әкеп соғады. Кішкентай бала­ларға газды сусындар, чипсы мен кириешки секілді тағамдар өте зиян. Мұндай тағамдар мен сусындар тіске ғана емес, жалпы организмге зиян. Баланың тісі мықты болып өсуі үшін жеміс-жидектер мен көкөністерді өзі шайнап жеуге дағдылануы керек.

Тіс дәрігері Құралай Өмірзаққызының айтуынша, тіс дәрігерлерінің өзі дәрігер-терапевт, дәрігер-хирург, дәрігер-ортодонт деп бөлінеді. Дәрігер-терапевт тісжегі түскен тісті емдейді, хирург емдеуге келмейтін тісті жұлады, ортодонт қисық біткен тісті қалпына келтіреді. Баланың тіс күтімі ерте жастан басталмаған жағдайда қисайған тісті орнына келтіру үшін баланың таңдайына пластинка қойылады, кей жағдайда микропротез салынады, коронкалар жасалады. 12 жастан асқан балаларға брекет (тісті тіреуіштер) қойылады. Балалар осындай күрделі процедуралардан өтпеу үшін жылына кемінде екі рет тіс дәрігеріне барып тұрғаны дұрыс.

Бала тісін тазалауды 1 жастан бастауға тиіс, 3 жастағы бала өз тісін өзі тазалауды үйренеді. Бала­ға тіс тазалауды үйрету үшін арнайы гигиенист-маманға апаруға болады. 3 жасқа дейінгі балаларға ересектерге арналған тіс пастасын қолданбаған жөн. Өйткені балалар пастаны көп мөлшерде жұтып қоюы мүмкін.

ТІС ЖІБІН ҚОЛДАНЫҢЫЗ

Тіс дәрігері сіздің тісіңізді тексермей-ақ, күлкіңізге қарап, тіс жібін қолданасыз ба, әлде тіс шұқығышты пайдаланасыз ба, бірден айтып бере алады. Оны тісіңізде қалып қойған тағамдардан емес, тіс етінің түсінен аңғарады екен. Себебі, тамақ қалдықтарын тазартпаса, тіс еті қабынып кетеді. Сондай-ақ шұ­қы­ғыш пайдаланатын адамдардың тістерінің ара­сы ашылып кетеді. Біз «неше жылдық тіс қой, жылжып кетпес» деп ойлауымыз мүмкін. Десе де, тіс жылжиды екен. Сондықтан оны тіс жібімен кем де­генде күніне бір рет тазарту керек.

ШЕКТЕН ТЫС АҒАРТУ

Үй жағдайында тісті ағартып көрдіңіз бе? Бүгінде тіс емханаларында орташа ағарту 5000 теңгеден басталады. Осы тұста көпшілік «біреуге ақша бергенше үйден өзім тазартып алайын» деп кірісіп кетеміз. Алайда, ол қауіпті. Себебі, тіс эмалін жұқартып алуыңыз мүмкін. Өйткені біз үй жағдайында ағартқыш қоспаны мөлшермен дайындауды, құрал­ды дұрыс пайдалануды білмеуіміз мүмкін. Маман­дар үйде тісті ас содасымен аптасына бір рет қана тазалауға болатынын, емханаларда 1 айда бір рет тазартуға болатынын айтады. Естеріңізде болсын, ағартқан соң, 48 сағат өткенше кофе ішуге, темекі тартуға және бояуы бар сусындар мен азық-түлік қолдануға болмайды. Ал тісті табиғи жолмен ағарту үшін қышқылы мол жеміс-жидек (ананас, алма, алмұрт, құлпынай) жеу керек.

«НАШАР» ТІС ДӘРІГЕРІ

Дәрігер іздегенде бәріміз дерлік туыстардан, таныстардан сұраймыз, ғаламтордан қараймыз. Өйткені бәрімізге маманның кәсіби болғаны ұнайды. Бірақ бұлардың барлығы жақсы, кәсіби маманның қолына түсетініңізге кепіл бола алмайды. Осы тұста «нашар» тіс дәрігерінде болатын белгілерді ұсынамыз:

1. Егер дәрігер ең күрделі заттар туралы түсінікті тілмен жеткізе алса, сіз оны жақсы түсінсеңіз, алдыңызда отырған маманның кәсіби болғаны. Біліксіз тіс дәрігері ғана білімсіздігін бос сөздер, түсініксіз атаулар астарында жасырғысы келеді.

2. Кәсіби маман мен ісіне немқұрайлы қарайтын адамның тағы бір белгісі – сырт бейнесі мен қолдары. Егер дәрігеріңіз сырт келбетіне мән бермейтін болса, тез арада басқа дәрігер тапқаныңыз дұрыс. Дәрігердің қолы – негізгі жұмыс құралы. Ол арқылы көп нәрсені аңғаруға болады.

3. Дәрігердің жұмыс құралдарына әр уақыт на­зар аударыңыз. Үлкейткіш шыны немесе микроскоп сынды заманауи құрылғылардың болуы – өз қызметін құрметтейтін дәрігердің нышаны. Нашар тіс дәрігері мұндай құрылғылармен мақтана алмай­ды.

4. Сізді алаңдатуы тиіс маңызды мәселе – бір дәрігердің бірнеше мамандықты қатар алып жүруі. Жақсы клиникаларда емдеу және ем жоспарын құрғанда, түрлі мамандық дәрігерлері белгілі бір жүйелілік бойынша қатысады.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!