Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасының іске асырылуы» бойынша брифинг өтті. Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков сөз сөйледі.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасымен барлығы 9 бағыт белгіленген, олар: жер, жол, олигополиялар, әлеуметтік сала, жылу электр орталықтары, сейсмологиялық қауіпсіздік, бизнес, агроөнеркәсіптік кешені, апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлер.

Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аталған картаға енген салалардағы мәселелерді шешу, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізген.

Мәселен, облыстың спорт саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелерімен салада қаржылық жоспарлаудағы бірқатар жүйелі тәуекелдер, жекелеген спорт мектептері есепшілерімен шамамен 25 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталған. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.

Сонымен қатар, спорт саласында 11 тұлғаның жалған дипломмен жұмыс атқарғаны анықталып, барлық тәуекелдерді жою үшін әкімдікке 12 ұсыным берілген.

Бұдан бөлек, «Бизнеске жол» жобасын іске асыру қорытындылары айтылды. Жоба аясында жыл басынан бері 32 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалған.

Бүгінгі күні «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасы бойынша мақсатты аудитория 110-нан астам еріктімен толығып, атқарылған жұмыс өз жемісін көрсетуде.

Ағымдағы жылы департаментпен бірге жалпы 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, қысқартылған тәртіппен 7 әкімшілік іс қаралған.

Бұдан бөлек, облыста құрылысы жүргізіліп жатқан 6 нысан бойынша барлығы 3,8 млрд теңгенің кемшіліктері мен сәйкессіздіктері анықталып, бүгінгі күнге 882 млн теңге мөлшерінде материалдық залалдың алды алынған.

Сонымен қатар «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталына жүргізілген мониторинг бойынша тапсырыс берушілерге сатып алу бағасын қайта қарап, оларды төмендету нәтижесінде шамамен 500 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.

– Біз өз қызметімізді басқа да мемлекеттік органдармен, қоғаммен және халықпен бірлесіп жалғастыратын боламыз.

1424 Call-орталығымыз азаматтарға тегін ақпараттық–консультациялық қолдау көрсетеді.

Кез келген сыбайлас жемқорлық фактілер туралы осы Call-орталыққа, сонымен қатар біздің департаментке, немесе департамент басшысының «Facebook» парақшасы арқылы байланыса аласыздар. Барлық өтініш біздің тұрақты бақылауымызда, – деп қорытындылады А.Ашиков.

Мақсат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!