Абай облысында алименттен жалтарған борышкер әке бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Polisia.kz сайтының жазуынша, Үржар ауданында алимент төлеуден жалтарған қашқын әкелерді жазаға тарту жалғасып жатыр.

Абай облысы Үржар ауданында алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін бір азамат бас бостандығынан айырылды. Алимент төлеуден жалтарған әкелерге қолданыстағы заң бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік және 5 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Үржар ауданында Д. есімді борышкер бұған дейін бірнеше рет алимент төлемегені үшін әкімшілік жауакершілікке тартылса да, өзіне тиісті қорытынды жасамай, қасақана жалтаруды жалғастырған. Сөйтіп Д. есімді азаматтың өзінің кәмелет жасына толмаған 2017 жылы туған А. есімді баласына төленбеген қарызы 1,8 миллион теңгені құраған», – делінген хабарламада.

20 наурыз күні Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотымен ҚР ҚК-нің 139-бабымен 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, Абай облысы Үржар аудандық №1 пробация қызметінінің есебіне алынды. 

Қазіргі уақытта сотталған азамат жазасын өтеп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!