Мәжілісмендер борышкерлердің қарыздық жүктемесін азайтып, несие берушілердің жауапкершілігін арттыру қажет деген мәселе көтерді. Осы мақсатта банктер мен микроқаржылық ұйымдарды кепілге қойылған үйді сатқаннан кейін ипотекалық қарыз қалдығын кешіруге міндеттеуді ұсынып отыр. Сондай-ақ олар бәс саудаға заңды тұлғалар өз қарамағындағы жұмысшысымен бірге түсуіне тыйым салыну керектігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттар бес адамның өмірі қиылған Алматыдағы трагедия қаржы ұйымдары мен қарыз алушылардың арасындағы бірқатар проблеманың бетін ашты дейді. Айтуларынша, былтыр банктердің талабы негізінде 185 мың іс атқару өндірісіне алынған. Ал жалпы азаматтардың банктер алдындағы берешегі 1,9 триллион теңгені құрапты. Яғни қазір жеке сот орындаушылары мыңдаған қазақстандықтан қарызын өндіріп алу рәсімін жүргізіп жатыр. Сондықтан олар несие алушылардың құқығын қорғау үшін бірқатар ұсыныс дайындапты. Мәселен, банктерге берешегін дер кезінде қайтара алмаған азаматтардың қарызына қосылатын үстемақы мен айыппұлды есептеуді 90 күннен соң тоқтату. Бұл борышкердердің қаржылық жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік бермек. 

“Борышкерлердің қарыздық жүктемесін азайтып, несие берушілердің жауапкершілігін арттыру үшін банктер мен микроқаржылық ұйымдарды кепілге қойылған үйді сатқаннан кейін ипотекалық қарыз қалдығын кешіруге міндеттеу қажет. Сондай-ақ несиесін мерзімінен бұрын өтеген тұрғындар қандай да бір қосымша төлемнен босатылуы тиіс”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов. 

Сондай-ақ бәс сауда бойынша да бірқатар өзгерістерді енгізу ұсынылды. Енді заңды тұлғалар өз қарамағындағы жұмысшысымен аукционға түсе алмайды. Жеке тұлғалар жақын туыстарымен кепілге қойылған мүлікті электронды сатып алуға таласа алмайды. Әрине, бұл тек ұсыныс қолдау тапқан кезде ғана жүзеге асады. Ал бұдан былай ең жоғарғы мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктер мен олардың жақын туыс, отбасыларының да қаржылық операциялары тексеріледі. Депутаттар «заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл» туралы заңға түзетулер енгізді. 

“Заңға сәйкес ел басқаратын азаматтар мен олардың жақындары қаржылық мониторинг субъектілерінен қажетті қызметін алған соң қосымша тексерістен өткізіледі. Бір жағынан қаржылық ашықтық болады. Әрі мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын асыра пайдалануына жол берілмейді”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Симонов.

Енді қаржылық мониторинг агенттігі ақша айналымы тексерілетін шенеуніктер мен жақын туыстарының жеке тізімін жасайды. Ал ол тізімді тікелей Президенттің өзі бекітіп отырады. Ал «ФАТФ» үкіметаралық ұйымының стандарттарына сәйкес бақылауға алынатын тұлғаларға мемлекет және үкімет басшысы, министрлер, сот және әскери қызметкерлер, мемлекеттік корпорациялардың басшылары да кіреді.