1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл туралы Үкіметтің кеңетілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші – халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту. Табыс табу – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартудың және болашаққа деген сенімін нығайтудың басты факторы. Өкінішке қарай соңғы кезде жұрттың табысы экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік трансферттің есебінен көбейді. Ашығын айтқанда жәрдемақымен және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар аз емес», – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қысқарып кеткен. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға дейін ұлғайған.

«Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады. Бұл аз десеңіз жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлде қайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар көбейіп барады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

inform.kz