Мәжілісте депутаттар Үкіметке жеке және заңды тұлғалардың несие өтеу міндетін 3 айға тоқтата тұруды ұсынды.

Депутат Ерлік Өмірғали Мәжіліс отырысында елдегі соңғы жағдайларда зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесін 90 күнге тоқтату керек екенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Аты танымал қаншама дүкендер зардап шеккен. Олар банктерден алынған несиелерін қалай жабатынын білмей қалды. Сауда орталықтары мен оны жалға алушылар аз уақыттың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, кәсіпкерлік қызметін бастауға тырысып жатыр. Бірақ ғимараттың инфрақұрылымы зақымданған, бұл жөндеу жұмыстарын қиындатып отыр.

Залал мөлшері алдын ала есеп бойынша жүздеген миллиард теңге. Бұл банкроттыққа және өмір бойы қарызданып жұмыс істеуіне әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта оларға қандай да бір сараптамалар мен әрекеттер алгоритімі қажет екені айтылып жатыр,

— дейді Ерлік Өмірғали.

Оның айтуынша, олардың ешқайсы енді не болатынын және бизнесті қалай сақтап қалу керегін түсінбей отыр. Әрбір кешіктірілген күннің салдарынан залал мен зиян келіп жатыр.

Төтенше жағдай аяқталды. Бірақ, бизнесті қалпына келтіру әлі мүмкін емес, қираған нысандардың жұмысшыларының әлі табысы жоқ. Сондықтан барлығын қалпына келтіру үшін заңды және жеке тұлғалар үшін қарыздарын 90 күнге кейінге қалдыруды ұсынамыз,

— деді депутат.