Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың жасы мен еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7 пайызға, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің ұлғаюына байланысты артты. Сонымен қатар, биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайта есептелінеді.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев мәлімдеді.

-Биыл мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне өзгерістер енді. Айталық, облыс бойынша 7 жастан 16 жасқа дейінгі 3080 «мүгедек-бала» санатындағы балаларға мүгедектік тобына қарай төленетін жәрдемақының мөлшері 16,7%-дан 37 %-ға дейін ұлғайтылды. Ал I топ мүгедектігі бар балаларға 69 155 теңге, II топтағы мүгедек балаларға 57 269 теңге, III топтағы мүгедектігі бар балаларға 50 426 теңге жәрдемақы төленеді. Қазіргі уақытта 208 мүгедек балаларға асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды,- деді Ертілеу Шынтасұлы.

Өткен жылы табысы аз 70 мыңға жуық адамға 4,7 млрд.теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді. Ал бюджеттен тыс көздерден 11 147 азаматқа көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарынан шыққан отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді.

-Жалпы бюджет есебінен 74 390 аз қамтылған азаматқа әлеуметтік көмектер берілді. Сондай-ақ, бес мыңға жуық отбасыға коммуналдық қызмет шығындары өтелді. Ұлы Отан соғысының қатысушылар және КСРО орденімен марапатталған азаматтарға, Семей ядролық сынақ полигонына қатысушыларға арнайы жәрдемақы мөлшері төленді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдікәрімов.