Ұлттық мереке – Республика күніне арналған «Болашақ біздің қолымызда» тақырыбындағы «SMART CITY KYZYL­ORDA HACKATHON 2022» облыстық IT жобалар хакатоны мәреге жетті.

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған хакатонға облыс әкімдігі, Astana Hub халықаралық технопаркі және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйытқы болды. Байқауға қатысқан жастар «Әзірлеу», «Медиа&Білім», «Модельдеу» бағытында түрлі сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар, роботехника мен анимациялар және медиа өнімдерін ұсынды. Байқауға ниет білдірген 270 қатысушының арасында ІТ үйірмелерге қатысатын оқушылар, колледж, ЖОО студенттері мен мұғалімдер бар. 100-ге жуық жобаны қорғаған жастар ІТ шешім арқылы көптеген мәселенің алдын алуға болатынын жеткізді. Байқауда үздік жобаларымен алға шыққан жастарды облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай марапаттады.
Байқау қорытындысы бойынша «Медиа&білім» бағытында Қызылорда қаласындағы №140 мектеп оқушысы Аружан Қыдырбай, «Модельдеу» бағытында Қазалы ауданының №103 мектеп оқушысы Бейбіт Рахымжан, «Әзірлеу» бағытында №14 мектеп-лицей оқушысы Нұрбек Райханов Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грант игерлері атанды. Ал әр бағыт бойынша І орынды иеленген Оралбек Абдуллаев, Әділ Серік, Еңдік Мұратбек сынды жеңімпаздарға 70 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, ІІ, ІІІ орындарға қаржылай жүлде мен арнайы сыйлықтар тапсырылды.
«Медиа» бағыты бойынша оқу грантын жеңіп алған Абылай хан атындағы №140 орта мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Қадырбай хакатонның тартысты өткенін айтты.
̶ «SMART CITY HACKATHON 2022» IT жобалар байқауына «Біз айтамыз…» жобасын ұсындым. Ауқымды жобада әртүрлі сала мамандарымен ашық алаңда кездесе отырып,саяси-әлеуметтік, құқықтық сұрақтарға жауап алдық. Жоба өте жоғары деңгейде өтті. Аймағымыздағы жастардың жобаларын дамытуға бірден-бір септігін тигізді. Хакатон әрі қарай жалғасын тапса, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын жобалар арта түспек. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, ̶ дейді Аружан Рүстемқызы.
Айта кетейік, «Кәсіпкерлік» орталығы 2017 жылы университет жанынан құрылып, бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Бес жыл ішінде орталық Қызылорда облысындағы 7 000-нан аса жас кәсіпкерді қамтып, 384 кәсіпкерлік жобаның жүзеге асуына ықпал етті. Жалпы мөлшерде жастардың кәсіпкерлік стартап жобаларына 65 670 000 теңге инвестиция тартылған.
Мұнан бөлек, облыс көлемінде «Smart city Hackathon», «PechaKucha Night Kyzylorda», «Startup roadshow», «Enactus Kazakhstan roadshow», «Startup Talapker incubation», «Innofest» облыстық инновациялық жобалар фестивалі өтті. Сондай-ақ, «SLL workshop», «SocInn startup», «NoCodeDay», «Open Speech Kyzylorda» бағдарламалары мен іс-шаралары ұйымдастырылды. Ал осы айдың соңына дейін «PECHAKUCHA», ал жыл соңына дейін «Innofest» идеялар байқауы өткізіледі.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!