Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округіне қарасты «Тұрмағамбет» ЖШС-нің күріш алқабына барып, жұмысын көрді.

«Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев қырманда күзгі егін жинау барысымен таныстырды. Егіс алқабында күріш – 1900, бидай – 100, мақсары – 200, жүгері – 10, ескі жоңышқы – 1000, жаңа жоңышқа 600 және бақша дақылдары 20 гектар жерге егілді.

Шаруашылықта 106 техника бар. Егіс алқабынан бөлек «Тұрмағамбет» ЖШС макарон бұйымдарын өндіру және сүт өңдеу бағытында жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда ауылдың 240 тұрғынынын жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы Қармақшы ауданы бойынша егіс көлемі 25801 гектар құрайды. Егіс өнімдерін диверсификациялауға сәйкес күріш көлемі – 13591, майлы дақылдар – 1126, жаздық бидай – 1407, арпа – 220, жүгері – 80, күнбағыс – 10, мал азықтық дақылдар – 7785, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 1574 гектар жерге орналастырылды.

Сонымен қатар қуаңшылықтан зардап шеккен Арал өңірінің шаруаларына аудан жастары тарапынан қайырымдылық көмектер ұйымдастырылуда. Атап айтқанда ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі «Достық Жер» шаруашылығы 200 және «Тұрмағамбет» ЖШС тарапынан 300 дана пресс шөп қайырымдылық мақсатта көмекті қажет ететін өңірге жіберілді.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова су тапшылығына байланысты суды үнемдеп, кестеге сәйкес пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ, егінді уақытылы орып, ысырапшылдыққа жол бермеу қажет екенін атап өтті. Егінді ору мезгілінде санитарлық талаптар қатаң сақталу қажет деп ескертті.