Алматы дегенде көз алдымызға асқар тау мен жасыл желек елестейтіні рас. Бірақ кейінгі жылдары алып шаһардың тынысын тарылтқан қою түтін көбейді. Өткен жылғы швейцариялық «IQAir» компаниясының зерттеуіне сәйкес, Алматы әлемдегі ең ластанған қалалардың арасындакөш басында тұрды. Мәселені айтып қоя салу аз, оны шешу жолдарын ойластыру қажет. Дәл осындай ой Нарминахон Имангалиеваны да алаңға салды. Нәтижесінде Қазақстанда ластанудың көлемін азайта алатын «Aualine » жобасы дүниеге келді. Бұл жоба – түтінді жинап алып, оны баспаханалық және принтерлік сияға айналдырудың әдісі.

Идеяның өзектілігі – экологиялық апатпен күресе отырып, креативті индустрияға жаңа серпін беру. Қала ауасындағы зиян бөлшектер мен күйені арнайы сүзгілер арқылы жинап, оны химиялық өңдеуден өткізудің нәтижесінде сапалы пигмент шығады. Ал кейін бояуларға, маркерлер мен қаламдарға арналған сия, принтерлер мен баспахана құрылғыларына қажетті пигменттер жасап шығарылады.

Жас өрен ойлап тапқан бұл жоба тек жергілікті қауымды емес, халықаралық сарапшылардың да таңдайын қақтырды. Улы түтінді пайдалы өнімге айналдыру идеясы бірнеше стартап-байқау мен ғылыми конкурстарда үздіктер қатарынан көрінді. Бұл технология, тіпті, зияткерлік меншікті қорғау құқығына ие болды. Ал алда жобаны қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Болашақта өнімді B2B және B2G бағыттары бойынша дамытуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз тек өнім сатумен ғана шектелмей, Green Printing бағдарламасын іске асыру. Бұл бағдарлама аясында компаниялар біздің бояуды сатып алу арқылы көміртек ізін азайтып, ESG сертификаттарын иеленуге мүмкіндік алады. Алғашында Қазақстан нарығында жұмысымызды бастаймыз, кейіннен қызмет ауқымын кеңейтіп, Орта Азияның басқа елдерінің нарығына шығуды мақсат етіп отырмыз, – деді Нарминахон.

Aualine: ластану көлемін азайтады

ESG – бұл компаниялардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін, қоғаммен қарым-қатынасын және корпоративтік басқару сапасын бағалауға арналған тұрақты даму критерийлері мен стандарттарының жиынтығы. Ал енді елестетіңіз, әр бизнес өкілі тауарға осындай белгі қойса, қай өнім қоршаған ортаға зиян тигізетінін немесе тигізбейтінін біле алатын едік.

Жұмыс барысы үш кезеңнен тұрады. Оның әрқайсысы өнімнің сапасына әсер етеді. Сондықтан мұнда қате болмауы тиіс.

– Алғашында сүзгіден жиналған көміртекті алып, оны тазартып, кептіреміз. Кейін механикалық және магниттік сүзгіден өткізіп, бөлшектерін жіктеп, соңында пигментке айналдырамыз. Ең күрделі кезең – бөлшектердің өлшемін реттеу. Оның көлемі 6-9 микрометр болуы қажет. Егер бөлшектер тым үлкен болса, баспа сапасы төмендеп, түйіршік пайда болады. Ал тым кішкентай болса, тонер шаңданып, басып шығару кезінде қолайсыздық тудырады. Өнім сапасын тұрақты бақылау үшін біз бөлшектердің пішіні мен пигменттің сапасын талдайтын жасанды интеллектіге негізделген бот әзірледік, – деді біздің кейіпкер.

Әрине мұны жүзеге асыру оңай болмады. Жобамен жұмыс істеген кезде Нарминахон командамен бірге 40-тан астам тәжірибе жасаған. Мұның бәрі тек бір мақсатта – мінсіз формула табу. Ең басында кейіпкеріміз күйені ұсақтау өте қиын болғандықтан, оны тонер жасауға жарамсыз материал деп ойлаған. Бірақ кейін әлеуметтік желі арқылы білікті химиктермен байланысқа шығып, шын мәнінде күйені белгілі бір кезде ғана ұсақтауға болатынын түсінген.

Міне, дәл осылай Нарминахон 16 жасында көлемді жобаны іске асырды. Байқағандарыңыздай, ол бірден мінсіз формула ойлап таппады. Кейіпкеріміз ізденді, зерттеді, бар зейінін жобаға қойды. «Менің идеям тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар логикаға, жүйелілікке және жан-жақты талдауға негізделген болғанын қаладым» деген еді ол. Кейіпкерімізден үйренеріміз – тек идеяны ойластыру аздық етеді, жетістікке жету үшін әрекет қажет.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!