Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет кулуарында келер жылдан бастап өрт сөндірушілердің айлығы өсуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір өрт сөндірушілердің орташа жалақысы қанша және қашан көтеріледі?» – деп сұрады журналистер министрден.

«Біріншіден, біз бұл мәселені көтере бастағанда, 2019 жылы айлығымыздың 65%, одан кейін 10% және биыл 3% көтерілгені сөз болды. Бір қарасаң, өте жоғары көрсеткіш сияқты. Бірақ, сол 2019 жылы жұмысқа жаңа кіріскен өрт сөндіруші 65 мың теңге алатын. Қазір еңбек өтілінсіз, үстемеақысыз, таза айлық – 109 мың теңге», – деді ведомство басшысы.

Оның айтуына қарағанда сала мамандарының айлығы бастапқыда қазіргіден 40 пайыз көтерілмек.

«Қазір Мемлекет басшысының және Премьер-Министрдің тапсырмалары бойынша Ұлттық экономика министрлігімен бірге айлықты тым болмаса 40 пайыз көтеру мәселесін пысықтап жатырмыз. Егер іске асса, жаңа жылдан бастап қызметкерлеріміздің айлығы өседі», – деді Юрий Ильин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!