Сыр өңірі тазалық тұрғысынан көш бастап тұр. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында аймақтағы тазалық іс-шараларына 265 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысқан.
– Елді мекендердегі 510 сквер мен парктер, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептер мен балабақшалар, спорт, денсаулық сақтау саласының нысандары бар, 1447 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 332 су объектілері, оның ішінде өзен-көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар, арықтар бар, 18 883 көше бойы, бұл қатарда 6387 көпқабатты үй мен 12496 жер үй аулалары бар – осының барлығы тазартылды. Оған 548 техника жұмылдырылды, – дейді ұйымдастырушылар.
Қызылордада көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұрынғы Қызылорда мен бүгінгі Қызылорданың арасы жер мен көктей. Көшесінде жапырағы жайқалған ағашы сая болған сұлу қаланың төрінде жыл басынан бері 88 567 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек, сыр талы тәрізді көшеттер егілді. Мұндай үрдіс әсіресе, жыл басында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше белсенді жүрді.
– Мәселен, наурыз мерекесі қарсаңында әрбір күннің өзіндік атауы болды. Осы ретте «Мөлдір бұлақ» және «Тазару күні» акциялары аясында бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазалау және тал егу жұмыстарына 7 мың адам қатысты. Нәтижесінде 16 мыңға жуық тал егілді, 100 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ал «Таза қала» республикалық акциясы аясында өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыс бойынша ұйымдастырылған шараларға барлығы 12 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты, – дейді ұйымдастырушылар.
Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласында да бұл іс тоқтаған емес. Қайсыбір сәтте де тазалықтан көш басында тұратын дарияның жағасындағы шаһардың шырайы артқан сайын арта түсті. Мұнда «Таза қала» экологиялық акциясы аясында қала кіреберісіндегі Белкөл кентінің маңында ауқымды тал егу экологиялық іс-шарасы ұйымдастырылды. Жыл сайын ауқымы артып, шекарасы кеңейіп жатқан облыс орталығындағы бұл іске мыңға жуық адам қатысты. Көгеріп-көктеп келе жатқан жолдың екі бетіне тағы да бес мың түп қара ағаш отырғызылды. Мұндай қарқынды жұмыс жалғасын таба түскен. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың қатысуымен телекөпір арқылы өткен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл желек» ағаш отырғызу акциясына 13 772 мың адам қатысып, 12 130 мыңға жуық тал егілді, 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
– Осы іс-шараға Қызылорда қаласы бойынша Президент саябағында 2250 адам қатысып, 1000 түп ағаш, оның ішінде 20 түп қарағай, 30 түп арша, 200 терек, 300 қара ағаш, 200 каталпа, 250 үйеңкі егілді. Мұнан бөлек, «5 маусым – Эколог күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» мерекесіне орай, 5 маусым күні Достық үйінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасарының қатысуымен марапаттау іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғау саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар марапатталды. Шараға 120 адам қатысты. Бұл – еңбектің еленгені, – дейді қатысушылар.
Қызылорда қаласындағы Президент саябағы жыл санап жаңа кейіпке еніп келеді. Мұндағы ботаникалық бақтың өзі өзгелерге көп үлгі боларлықтай нысан. Маусым айындағы Эколог күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ашық аспан астында «ЭКОЛОГ САҒАТЫ» атты экологиялық танымдық іс-шараның осы саябақта өтуі де тегін емес. Ну орманға айналған саябақтың ішінде көптеген нысандар бой көтеріп жатыр. Еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев осы жасыл-желектің ортасынан балалардың демалыс лагерінің салынуын да байыппен түсіндірген еді…
«Балалардың тынығу лагері баланың жан- жақты толысуына сеп болуы керек. Баланы төрт қабырғадан әкеліп, төрт қабырғаға қамауға болмайды. Президент саябағынан салынып жатқан тынығу лагеріне келген балалар ботаникалық баққа келеді, жасыл-желекті саялап, серуендейді. Ана мен бала орталығына келген аналардың да аралайтын ғаламат жері болу керек», – деген еді Нұрлыбек Машбекұлы.
Міне, осы саябақта өткен кездесуге сала мамандары мен эколог ғалымдар қатысып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. республикалық акциясы аясында өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, аббаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Оған 200-ге жуық адам қатысты.
Биылғы 6 маусымда Қызылорда қаласында дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы, Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы қызметкерлері және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерінің қатысуымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» атты ауқымды акция өтті. Сырдария өзенінің жағалау аумақтары тазартылып, оған 520 адам қатысып, 5 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Экологиялық акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, су айдындарының тазалығын сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған өлкені көркейтуге үлес қосу.
Өңірдегі тазалық, көркейту-көгалдандыру бағытындағы ауқымды істің бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. Аталған әлеуметтік жоба арқылы маусым-тамыз айларында 16-35 жас аралығындағы түрлі санаттағы (оқушы, студент, жұмыссыз) 1 200 жас маусымдық жұмыспен қамтылады және оларға 100 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленеді. Оның 280-і Қызылорда қаласында болса, Байқоңыр қаласында – 150, аудандарда 770 жас еңбек етуде.
Ауыл жастарын еңбекке баулу мақсатында «Жастар еңбек бригадалары» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандарда құрылған еңбек бригадаларының саны 30-ға жетіп, құрамына мыңға жуық жас тіркелді.
Сарбаздардың қатысуымен 35 гектар аумақ тазаланып, облыс көлемінде орналасқан 80 мәдени-демалыс орнында (аллея, сквер, алаңдар, парктер) көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған 30-ға жуық көшпелі шаралар өткізілді.
Әлбетте, мұның барлығы жұдырықтай жұмылып, табандылық танытудың арқасында орындалып келеді. Әсіресе, бұл ретте ерікті жастардың белсенділігі қуантады. Бүгінгі таңда облыста 2 мыңнан астам волонтер, 30-ға жуық волонтерлік топ, сондай-ақ «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенді еріктілері қоғамдық жұмыстарға тұрақты түрде атсалысуда.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!