Қауын шыбыны зиянкесінің жалпы таралу аймағы Еуропа, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия. Ал Азияда – Ауғанстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттері.

Қауын шыбыны зиянкесі көршілес Өзбекстан Республикасында 2005 жылы пайда болып, 2010 жылы тек Қарақалпақстан Республикасы аумағында 20 мың гектарға жуық қауындықты залалдап, жарамсыз жағдайға жеткізген. Ал, ел аумағында 2006 жылы алғаш рет Қызылорда тіркелді. Бұл зиянкес қауындарды тесіп, жарамсыз жағдайға жеткізеді. Қауын шыбыны қандай зиянкес, қайдан келген, зияны қандай? Онымен күрес шараларын диқандардың басым көпшілігі білмейді. Кейбір диқандар зиянкесті ажырата алмайды да.
Жалпы зиянкес туралы қысқаша айтар болсақ, қауын шыбыны көктемде қауынның гүлдеу кезеңінде жаппай ұша бастайды. Ұшу белсенділігі таңертеңгі мезгілде жоғары.
Қазіргі таңда диқандар шекараны түрлі жолдармен айналып өткен немесе шыққан жері белгісіз, яғни тұқым инспекциясының құжатынсыз, қауын тұқымдарын алып келіп, көптеп егуде. Ол тұқымдардың ішінде біздің аймақ үшін карантиндік нысан болған қауын шыбынының жалған пілләсінің жоқ екендігіне кім кепіл?! Тұқым таңдауда, әсіресе, өсімдік қорғау бағытында өте сақ болуымыз керек.
Қызылорда облысында қауын шыбыны зиянкесі – өте қауіпті карантиндік зиянкес. .
Карантиндік зиянкес қауын шыбынымен зақымданған қауындарды химиялық (қауын тұқымдарын дәрілегіш препараттармен өңдеу, зиянкеске қарсы қауынның нағыз жапырақтары пайда болғаннан бастап гүлдегенге дейін) және агротех­никалық (құрттардың топыраққа түспеуі үшін зақымд­анған қауын қалдық­тарын 80 см тереңдікте жерді қазып көміп тастау, егістік жерді терең етіп жырту немесе суға бастыру, ауыспалы егіс тәртібін сақтау, 3-4 жыл бұрынғы қауын тұқымын пайдаланбау) күрес жолдарымен жоюға болады.

Әлтай МАРЛАН,
ҚР АШМ АӨК МИК-нің Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы – өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік
инспекторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!