Қазақстанда киіктерді атуға ресми түрде рұқсат берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үкімет қаулысы бір ай бұрын қабылданып қойғанын мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов растады. Бірақ киіктің етін, мүйізін қалай пайдаланатыны әзірге пысықталмаған. Екі жылдан бері созбалаңға салынып келген мәселеге қатысты түпкілікті шешімнің қабылданғанын экология министрлігі әзірге хабарлаған жоқ.

“Хабарым бар. Ресми түрде рұқсат берілген. Осы айдың басында-ау деймін. 300 мыңға жуық киікті атуға болады деген. Бірақ әдісін де, содан кейін етін, мүйізін қайда жіберетінін, қалай пайдаланатыны сол әлі шешілмеген сыңайлы”, – деді мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жетіп жығылған. Әсіресе батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған-ды. Одан бері салаға жауапты министр екі рет ауысып үлгерді. Экология министрлігі шетелден ғалымдар алдырып, талқылаймыз дегенше, биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтаған. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кетіпті. Қазір тиісті есеп-қисап Үкіметке жіберілген.

“Сол өзінің аумағына жақын үш ет комбинатымен әзірліктері пысықталуда. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Тоңазытқыш камералары 4 мың тонналық істеп тұрған. Бұл Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Енді оның ар жағында өңдеу жұмысы Кублейде. Ертең бұл басталған уақытта сонда өңделетін болады”, – деді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!