Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі
Арал ауданында дәстүрлі балық шаруашылығымен қатар өнеркәсіп пен өндіріс саласы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындысын жариялап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді туралы баяндап берді.
Бүгінде Арал ауданында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттер аясында жыл басынан бері аудан экономикасының барлық негізгі көрсеткіштерінде тұрақты өсім байқалады.
Мәселен, алғашқы алты айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға жоғары. Тартылған қаржының басым бөлігі мемлекеттік бюджет емес, жеке бизнес өкілдеріне тиесілі. Мұндағы жеке инвестиция көлемі бірден 2,4 есеге ұлғайған. Инвестициялық белсенділіктің арқасында өнеркәсіп саласындағы өндірістің нақты көлем индексі 105,7 пайызды құрады. Сондай-ақ, аудан бойынша барлық салық және өзге де түсімдер жоспары 117,5 пайызға артығымен орындалды.
Аралда тек шикізат өндіру емес, дайын өнім шығару ісі ілгерілеп келеді. Биыл ауданда қомақты үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру қолға алынған. Оның ішінде екі өндіріс орны ресми түрде пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, өңірде түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт пен жоғары сұрыпты ас тұзын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Бұл жобалар жергілікті өнімді жаңа бренд ретінде танытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Мұнымен қоса, транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында халықаралық тас жолдың бойында көпфункционалды сервистік кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Ауданның дәстүрлі бренді саналатын балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Бүгінде өңірде 10 балық өңдеу зауыты үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Олар жыл басынан бері 3 621 тонна өнім өңдеп үлгерген. Дайын өнімнің сапасы жоғары болғандықтан, оның 1 728 тоннасы шетел нарығына экспортталды.
Сонымен қатар, аймақта табиғи су айдындарынан бөлек, қолдан балық өсіру ісі де жақсы дамып келеді. Қазіргі таңда қолдан балық өсірумен айналысатын 16 шаруашылық жұмысын кеңейту үстінде. Ал мал шаруашылығы саласында төрт түліктің де басы өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.
– Біздің басты мақсатымыз – аудан экономикасын әртараптандырып, өндірісті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Жыл соңына дейін тағы бірнеше инвестициялық жобаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар ауданның экономикалық әлеуетін одан әрі күшейтеді, – деді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.
Инвестициялық белсенділіктің артуы мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы алдағы уақытта да Арал ауданының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере бермек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!