BAQ.KZ. Жаз мезгілінде күннің қатты ысуына байланысты жабық автокөлік салонындағы ауа температурасы бірнеше минут ішінде-ақ қауіпті деңгейге дейін көтеріледі. Бұл әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналар мен жүргізушілерге келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

– балаларды автокөлікте қараусыз қалдырмаңыз, тіпті қысқа уақытқа болса да;
– көліктен шығарда баланың өзіңізбен бірге түскеніне міндетті түрде көз жеткізіңіз;
– көлік есіктерін әрдайым құлыптап, кілтті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
– аздап ашық тұрған терезе көлік ішіндегі температураны төмендетпейтінін есте сақтаңыз;
– көлікте жалғыз қалған баланы байқасаңыз, дереу 112 қызметіне хабарлаңыз немесе баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдаңыз.

Есіңізде болсын: сырттағы ауа температурасы 30-35°С болған жағдайда көлік салонындағы температура небәрі 10–15 минут ішінде 50–60°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланың ағзасы қатты қызып, өміріне қауіп төнеді.

  Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ересек адамның жауапкершілігі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!