Бүгін елімізде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Тестілеу 10 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл кешенді тестілеуге қатысу үшін 61 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға жуық өтінішке көп. Өткен жылы магистратураға түсуге 51 мың талапкер өтініш берген болатын.
Талапкерлер арасында ең көп сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық».
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үшін тестілеу электрондық форматта өтеді. Ол үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут уақыт беріледі.
Бұл бағыт бойынша шекті балл – 75 балл. Оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтау тестінен кемінде 7 балл және әр бейінді пәннен кемінде 7 балл жинау қажет.
Ал бейінді магистратураға түсуді жоспарлаған талапкерлер тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Бұл жағдайда шекті балл кемінде 30 балл болуы тиіс, әр бейінді пәннен кемінде 7 балл жинау талап етіледі.
1 маусым мен 8 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
