Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткенді екшеп, бүгінді саралайтын жылдар тоғысында тұрмыз. Бабалар аңсаған тәуелсіздік таңы бізге не берді деген сауалға жауап іздесек, ең бірінші кезекте кеше тұралап, бүгін жаңарған ауылдар еске түседі. Сөз ретінде сандарды сөйлетсек, қазіргі таңда Қазақстан халқының 40 проценттен астамы ауылда тұрады.

Бұл дегеніміз баянды болашаққа бет түзеген егемен еліміздің ертеңін айшықтап отырған осы ауыл екенін көрсетеді. Сондықтан да мемлекетіміз әлеуметтің әлеуетін арттыруға әрдайым қолдау жасап, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту үшін бар мүмкіндіктерді қолға алып келеді.


Қазақтың алтын бесігіне баланған ауыл мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Қандай бір алқалы жиындарда жан-жақты қаузалып, кейбір жергілікті тұрғындардың сұранысынан туындаған қажеттіліктер қаперге алынуда. Бұл–құптарлық нәрсе.


Айталық, биылғы жыл аралдық шаруалар үшін қолайсыз болғанын жасыра алмаймыз. Яғни, аудан көлемінде жаппай құрғақшылық орын алып, тұрғындар ақадал малынан айырылды. Оның арты аудан басшысының төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті. Мал-жаның аман ба деп есендескен қазақ үшін мұндай қуаңшылық үлкен соққы болатыны айтпаса да түсінікті. Аудандық атқарушы билік қолдан келген бар қарекетті жасады. Ел жұмылды. Мецанаттар көмек қолын созды. Қазіргі таңда төрт түлігін өріске өргізген шаруа қожалық иелерінің алаңдайтыны алдағы қыстың қалай болары деген сауал.

Биылғы қуаңшылық қайталанса жіберген қателіктің алдын алуға дайын ба деген сұрақ көптің көкейінде тұрғанын айтпай өту халық қалаулысы ретінде ар алдында қылмыс.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес бастаманы ерекше атап өткені көпке мәлім. Соның бірі – Президент әкімшілігі облыс әкімдерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамалардың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керек деген сөзі құптарлық. Расымен де мұндай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде ауыл халқының кәсібі мен тұрмысы жандана түспек. Ол үшін елді мекендерде ауыл шаруашылық өнімдерін арттыруға барынша қолайлы жағдай жасауға тиістіміз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа формаларын әзірлеп, қаншама гектар суармалы жерлерімізді игеруді негізгі міндетімізге алуымыз қажет. Сол кезде мыңдаған отбасын қосымша шаруашылықпен қамтуға жол ашар едік.


Ауыл шаруашылығы жайлы айтқан кезде мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялау мәселесі де қоса жүретіні заңдылық. Бұл ретте субсидиялау көлемінің өсуінде қарқын бар екені көңіл көншітеді. Атап айтсақ, жыл сайын егістікті өңдеу және мал басын асылдандыру үшін үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау жыл өткен сайын ұлғайып келеді.


Жалпы, ордалы 30 жылда ауылдың көкжиегін кеңейтуге мемлекет барынша демеу көрсетті. Қазіргі ауыл бір замандардағы сүреңсіз бейнесінен әлдеқайда жақсарған. Бұл «екі қолға бір күрек» табуды мақсат тұтқан ауыл тұрғындарының үкімет көмегін тиімді пайдаланғанының жемісі. Дегенмен де әлі де шешілмей жатқан мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Оның шет жағасын жоғарыда да сөзімізде тоқталдық.

Осы жерден Президенттің қыркүйектегі Жолдауындағы соны тапсырмалардың бірі ретінде айтылған гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына сай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режимін алу қажет деген пайымды ойын қаперде ұстап, сол арқылы ауылдық жердегі әлеуметтік белсенділікке тың серпін берудің жолдарын қарастыруымыз қажет деп білемін.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты