SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда биылғы мектеп бітіру кештеріне қойылатын талаптар бұрынғыдан да қатаңдатылды. Енді түлектерге арналған мейрамхана кештері, автокортеждер мен дәстүрлі таң қарсы алу шараларын өткізуге ресми түрде тыйым салынды.
Бұл туралы Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық шектеу балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында өткізуге болмайды. Сонымен қатар табиғатқа шығу, демалыс аймақтарына бару және автокортеж ұйымдастыру да тыйым салынған шаралар қатарына кірді. Бұған қоса, соңғы жылдары кең тараған «таң қарсы алу» дәстүріне де шектеу қойылды.
Білім басқармасы мұндай шешімнің кездейсоқ қабылданбағанын атап өтті. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылдары мектеп бітіру кештері кезінде түрлі қайғылы оқиғалар тіркелген. Осыған байланысты мектеп директорлары, ата-аналар мен оқушылар заң талаптарын қатаң сақтауға шақырылды.
Шенеуніктер қаржы мәселесіне де жеке тоқталды. Мектепке сыйлық алу үшін немесе қымбат банкет өткізу мақсатында ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға заң жүзінде тыйым салынған. Мұндай заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда, білім беру ұйымдарының басшылығы жауапкершілікке тартылады.
Жаңа ережелер Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы бұйрықпен рәсімделген және ел аумағындағы барлық мектеп үшін міндетті саналады.
Атырау облысының өзінде биыл 11-сыныпты 8 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 253 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 445 оқушы үздік аттестат алуға ниетті. Ал 9-сыныппен қоштасатын оқушылар саны 13 мыңнан асады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
