Астанада дәмхананың дөнер өнімін жарнамалау мақсатында тәртіп сақшысына пранк (әлеуметтік эксперимент) ұйымдастырған блогерлер әкімшілік қамауға алынды. Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл заңсыз әрекет әлеуметтік желілерге жүргізілген тұрақты мониторинг барысында анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Желіде танымал блогер Аппаз Серікұлы жариялаған бейнежазбада бірнеше азаматтың полицейге жүгіріп барып, суға батып бара жатқан адамды құтқаруды сұрағаны бейнеленген. Оқиға Есіл өзеніндегі Ескек есу каналының аумағында орын алған. Кадрлардан тәртіп сақшысының еш ойланбастан суға секіріп, «зардап шегушіні» аман-есен жағаға алып шыққанын көруге болады.

Алайда бұл жағдайдың өмір мен өлім арасындағы шынайы оқиға емес, алдын ала жоспарланған қойылым екені белгілі болды. Видео авторлары суға батқан кейіпкердің кәсіби жүзуші екенін айтып, полицейдің жанқиярлық әрекеті үшін оған дәмхананың тегін сертификатын табыстағысы келген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл қойылымды ұйымдастырған автор мен оның қатысушысы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сот шешімімен олардың бірі 15 тәулікке, екіншісі 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды», – деп көрсетілген Астана қалалық ПД ресми хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!