Үкімет сағатында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл Қазақстанның мемлекеттік қарызы 36,8 триллион теңгеге жеткенін, алайда бұл макроэкономикалық жағдайға қауіп төндірмейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Экономикалық өсімді қаржылық ынталандыру мәселелері талқыланған жиында ведомство өкілі қазіргі таңда елдің қарызы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 20 пайызын құрайтынын нақтылады.

Инвесторларды мемлекеттік кепілдікпен қаржыландыру мәселесіне тоқталған вице-министр бұл құралда да ешқандай тәуекел жоқ екенін жеткізді. Оның сөзінше, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қаражат тартатын заңды тұлғаларға қатаң талаптар қойылады. Атап айтқанда, инвестордың қаржылық берешегі болмауы тиіс, екінші деңгейлі банктердің қарсы кепілдігі немесе сақтандыру шарты талап етіледі, сондай-ақ қаржыландырылатын жобалар міндетті түрде өзін-өзі ақтауы қажет.

Қазақстанда мемлекеттік қарыз көлеміне қатысты нақты шектеулер бекітілген. Басты талап бойынша, қарыз деңгейі ішкі жалпы өнімнің 32 пайызынан аспауы тиіс. Қаржы министрлігі өкілінің сөзінше, қазіргі 20 пайыздық көрсеткіш өте қолайлы деңгей саналады және мұны халықаралық рейтингтік агенттіктер де өз есептерінде растап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!