Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы дайын тұр. Жылдың басында талқыға да салған. Ал мамыр айында осы құжат мәжіліс депутаттарының қарауына түсті. Сол кезде төменгі палата өкілдері келесі жылдың сәуіріне дейін қорытынды әзірлейміз деген. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылданытынын мәлімдеген. Алайда нақты мерзімін айтпады.Сонда банкроттық қалай жасалды? Оның кредиттік рақымшылықтан айырмашылығы қандай? Sputnik Қазақстан заңның негізгі талаптарын шолып шықты.

Сотсыз банкроттық жариялау тәртібі

Қазіргі заң жобасында сотсыз және сот арқылы банкроттық жариялау шаралары қарастырылған. Соттан тыс банкроттық туралы өтініш уәкілетті органның интернет-ресурсы немесе салықтық мобильді қосымша арқылы жіберіледі. Онда кредитордың атауы, берешек сомасы жазылады. Сондай-ақ, үш шартты құжатпен растау қажет.Олар:сот орындаушысының өндіруге жататын мүлік пен ақшаның жоқтығы туралы атқару құжаты;өзге де атқарушылық істің болмауы; қарызды реттеу жағынан барлық шараларды (өтініш жазу, кредит мерзімін ұзарту, қарызды қайта құрылымдау және т.б.) жасап көру;Бұдан бөлек, тағы екі негізгі талап бар. Біріншіден, банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлар алдындағы қарыздың сомасы 4,9 миллион теңгеден аспауы шарт. Ал борышкердің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 36 018 теңгеден артылмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімі алты ай жүргізіледі. Осы уақыттың ішінде оның қаржылық жағдайы жақсарса, сотсыз банкроттық жариялау рәсімін тоқтату қажет.

Сот арқылы банкроттық қалай жарияланады

Қарыздың мөлшері 4,9 млн теңгеден артық болса, жеке тұлғаның банкроттығын сот арқылы рәсімдеу керек. Борышкердің атында тіркелген мүлік аукцион арқылы сатылады. Ал одан түскен ақша қарызды жабуға жұмсалады.Сондай-ақ, банкроттың банк шоттарындағы ақша мен салымдар қаржы басқарушысының арнайы есепшотына аударылады.

Банкрот болғандарға қандай шектеу қойылады

Сотсыз немесе соттың шешімімен банкрот деп танылған адамдарға бірнеше шектеу қойылады.Олар:5 жыл бойы басқа кредит берілмейді;3 жылдың ішінде Қазақстаннан тыс жерге шығуға болмайды;Бірақ алимент және залалды өтеу сияқты міндеттемелер тоқтатылмайды.Сосын шетелде емделуге, жақын туыстарды алып жүруге және жерлеу рәсімдеріне баруға рұқсат бар.

Төлем қабілеттілігін қалпыну келтіру

Бұл – борышкер үшін міндетті шара. Сотта банкроттықтан бөлек өтініш берген адамның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары да бекітіледі. Оның орындау мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Мерзімінен бұрын орындауға рұқсат бар. Жоспарда қарыздан құтылудың нақты шаралар көрсетілуі шарт.Олар:қарызды кейінге қалдыру;бөліп төлеу;бір бөлігін кешіру;қарызды төлеу мерзімін ұзарту;кепілзатты беру;Сотта қарыз алушы мен кредитор жоспарды өзара келісім бекітеді. Борышкер өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі және міндеттемелері туралы жалған ақпарат берсе, әкімшілік, тіпті, қылмыстық жазаға да тартылады