KAZINFORM — Қазақстанда машина жасау саласында өндіріс көлемі жеті айда 3,2 трлн теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22% өсті.
Саладағы өсім көлік өндірісінің артуымен де байланысты. Жеті айда елде 96 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Оның ішінде жеңіл автомобиль өндірісі 37,2%, автобустар 27,6%, арнайы техника 45,1% артты.
Ұсақ тораптық құрастырудың үлесі 28,3%-ға жетті. Қостанайдағы толық циклді KIA Qazaqstan зауыты мен Алматыдағы жылына 90 мың автокөлік шығаруға арналған Astana Motors Manufacturing зауытының іске қосылуы өндірістік тізбекті кеңейтуге ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар кәсіпорындардың айналасында шиналар, аккумуляторлар, автокөлік орындықтары мен мультимедиа жүйелерін шығаратын өндірістер жолға қойылған.
Агроөнеркәсіп секторында отандық 10 кәсіпорын тракторлар мен комбайндарға деген қажеттіліктің 90%-ын қамтамасыз етіп отыр.
— Теміржол машина жасау саласында өндіріс көлемі 345 млрд теңгеге жетті: жолаушылар вагондарын шығару 10,7%, электровоздар өндірісі 23,8% өсті, вагон-цистерналар өндірісі игерілді. Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнында қазақстандық қамту үлесі 75% болды, — делінген хабарламада.
Металлургия саласында өндіріс көлемі 8,1 трлн теңгеге жетті. Болат өндірісі 4,1%, шойын 5,8%, жіксіз құбырлар 30,4%, құрылыс арматурасы 10,5% өсті.
Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1 трлн теңгеге дейін артып, өсім 26,9% болды.
Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 125,5 млрд теңгеге жетіп, 80,1% өсті. Оның ішінде тоқыма өндірісі 2,2 есе, киім-кешек 27,5%, былғары өндірісі 20,3% артты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
