АҚШ шілде айының соңынан бері алғаш рет Иран аумағындағы нысандарға әуе соққысын жасады. Bild мәліметінше, шабуыл Ормуз бұғазындағы Ларак аралында орналасқан екі зымыран кешеніне бағытталған, деп хабарлайды “Адырна”.
Вашингтонның мәлімдеуінше, аталған нысандарды Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы пайдаланып, теңіз миналарын орналастыруға арналған зымырандарды ұшыруға дайындық жүргізген. Иран тарапы соққы салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін растағанымен, олардың нақты санын жариялаған жоқ.
АҚШ-тың әрекетіне жауап ретінде Тегеран Иордания аумағындағы америкалық екі әскери базаға баллистикалық зымырандар жібергенін мәлімдеді. Ал Иорданияның Petra агенттігі елдің қарулы күштері әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранды ұстап, жойғанын хабарлады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазына қайтадан мина орнатуға әрекет жасайтын кез келген ирандық кемеге қарсы қатаң шара қолданылатынын ескерткен. Трамп бұл ұстанымды «нөлдік төзімділік» саясаты деп атап, америкалық әскери күштер халықаралық суларды миналардан тазарту жұмыстарын жүргізгенін айтқан.
Соған қарамастан, Вашингтон теңіз қатынасы қайта жанданды деп мәлімдегенімен, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы әлі де соғысқа дейінгі көрсеткіштен едәуір төмен деңгейде қалып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
