Қауіпті инфекция медицина, экономика саласымен қатар экологияға да едәуір ықпал етуде. Зерттеушілер вирусқа қарсы вакцина ойлап табуды қолға алса, экологтар пластикпен күресудің амалын қарастыруда. Себебі пандемия уақытында пайдаланылатын қорғаныс құралдарының құрамына көп мөлшерде пластик қосылады. Қоршаған ортаға зиянды заттың 500 жыл бойы жойылмайтынын дәлелдеген мамандар осы мәселені көтеріп, дабыл қағуда. Жуырда пластик қалдықтары тек мұхит түбінен ғана емес, әлемнің ең биік тауы Эверест шыңынан да табылған. Бір таңқаларлығы, карантиндік шаралар біздің елдегі экологиялық жағдайды біршама жақсартыпты…

Әлем экологтары осылай дабыл қаққанмен, экологиялық апат дегенде ойымызға аса бір қорқыныштың келмейтіні рас. Көпшілік мәселенің зардабын бүгін көрмеген соң, алдағы мың жылдыққа алаңдай қоймайтыны да белгілі. Сондықтан болар, пластикті басқа қоқыстардан бөліп алып, жеке тастау қажет деген мамандар кеңесі көп жағдайда елеусіз қалады. Осы ретте коронавирустың алғашқы толқынында бетпердеден таршылық көрген халыққа көпреттік бетпердені қолдану керек деп айтудың өзі орынсыз көрінеді. Бірақ көшеде ретсіз шашылып жататын бетперденің де қоршаған ортаға зияны көп дейді зерттеушілер.

Статистикаға сүйенсек, пандемия уақытында өндірілген пластик заттардың 75 пайызы толық жойылмай, қоқысқа жинала береді. Дүниежүзі бойынша миллиардтаған тұрғынның тұтынған пластик қалдықтары, желмен ұшқан антисептик құтылары, бетперде мен бірреттік қолғаптардың мұхит түбіне шөккенін ойша елестетудің өзі әлемдік экожүйенің қалай ластанып жатқанына дәлел бола алады. Бұл мәселе жануарлар мен құстардың да қырылуына басты себеп. Пластик қалдықтарын азық деп жеген олар пайдасынан зияны көп заттың құрбаны болуда.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериштің айтуынша, қазір адамзат табиғатпен соғыс жүргізіп жатыр.− Алайда қоршаған орта біздің әрекетімізге жауап қайтарады. Көз алдымызда экожүйелер жойылып кетіп жатыр. Жыл сайын орман алқаптары 10 млн гектарға қысқарып келеді. Ауа мен судың ластануынан бір жылда 9 млн адам көз жұмады. Бұл − қазіргі пандемия құрбандарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары сандар. Мұхиттарда пластик қалдықтар көбейіп кеткен, − дейді ол.

Мәселенің мән-жайы, табиғатқа зардабы анық дәлелденсе де, бұл жағдайға байланысты арнайы заң жоқ. Алайда бірқатар мемлекетте масканы дұрыс пайдалану бойынша нақты нормативтер бекітілген. Мәселен, Үндістан тұрғындары қолданған бетпердесін кесіп, қағаз пакетке салуға міндетті. Жүйелі тәртіп бойынша, арада 3 тәуліктен соң ғана бетпердені қоқысқа шығаруға рұқсат. Біріккен Араб Әмірліктерінде де осындай ереже қарастырылған, масканы пакетке салғаннан кейін ғана қоқыс контейнеріне тастау керек, болмаса тұрғындар айыппұл төлеуге міндеттеледі. Оңтүстік Корея да бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаған. Экологиямен қатар оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған олар балалар үшін коронавирусқа қарсы жинақ әзірлеген. Жинақта залалсыздандырғыш майлықтар, санитайзерлер мен қапшықтар топтастырылған. Оқушы аталған заттарды қолданғаннан кейін майлықтар мен маскаларын сол қапшыққа салып барып қана қоқысқа тастайды.  

Жоғарыда қорғаныс құралдары үшін пластиктің жиі қолданылатынын жаздық. Соңғы уақытта карантиндік шектеу әсерінен үйде отырған тұрғындар тапсырыспен тамақ алдыру қызметін қолдануды дұрыс санайды. Мұндай шағын бизнес түрі жақсы десек те, тағамның басым бөлігі пластик ыдыста жеткізіліп, қоқыстың қатарын күн санап көбейтуде. Сол үшін аспан асты елі пластик бұйымдарын қолданбауға шешім шығарды. Сөзімізге Хайнань провинциясында пластиктен жасалған бірреттік пакеттер мен ыдыстың өндірісіне, сатылымы мен қолданысына тыйым салынуы дәлел.  Пластикті экологиялық қауіпсіз пакет және ыдыстармен алмастырған Хайнаньда осы мақсат үшін 7 бірдей кәсіпорын жұмыс істейді. Осылайша аймақтың экологиялық болашағына бүгіннен бастап алаңдаған билік өкілдері пакет пен ыдыстан бөлек басқа заттарды да экоөнімдермен алмастыруды көздеуде.

Ал украиндықтар ойлап тапқан экоавтомат тек пластмасса құтыларды қабылдайды. Алайда қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, көшедегі қаңғыбас ит пен мысықты тамақтандыру функциясын да қоса атқарады. Автомат әр өткізілген бос пластмасса құты үшін жануарларға арнап ыдысқа тамақ салып береді. Мұның өзі бүгінгі буынға ой саларлық бастама дейді мамандар.

Енді елдегі жағдайға оралсақ. Әзірге пластик бұйымдарды қолдануға шектеу қойылмағанмен, карантиндік шектеулер экологияға оң әсерін берген. Тұрғындардың жүрісі азайып, көшедегі көліктер сиреген тұста атмосфераның біршама тазарғаны байқалған. Сондай-ақ кейінгі уақытта құқықбұзушылық статистикасы да едәуір төмендеген. Айталық биыл қаңтар-қазан айларында елімізде 626 экологиялық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Себебі былтыр осы уақыт аралығында экологияға қатысты 1,3 мың  құқықбұзушылық орын алған. finprom.kz-тің хабарлауынша аймақтар бойынша экологиялық құқықбұзушылықтың басым бөлігі, яғни 101 жағдай  Атырау облысында тіркелген. Сондай-ақ Батыс Қазақстан (74 жағдай) және Маңғыстау облысы (64 жағдай) алдыңғы үштікке енген. Ал Алматы (3 жағдай), Нұр-Сұлтан (7 жағдай) және Шымкент (8 жағдай) ең аз құқықбұзушылық тіркелген қалалар қатарында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!