Сантехник, электрик, дәнекеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі.

«Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді», – деді ол.

Ол сондай-ақ электр энергиясының қалай қымбаттайтынына тоқталды.

«2 бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1 620 теңгеге немесе 20%-ке артады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды. Сумен қамтамасыз ету бойынша орташа пәтердегі баға 200 теңгеге немесе 25%-ке көтеріледі», – деді ол.

Оның айтуынша, жалпы алғанда коммуналдық төлемдерге бұрынғыдан 2 бөлмелі пәтерде тұратындар 3000-4000 теңге көбірек төлейді.

«Тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% құрайды», – деді ол.

Осы тарифтердің қымбаттауы есебінен объектілер жөндеуден өтеді.

«Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік «Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруда. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр»,- деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!