Мессенджерлерде қағаз ақша цифрлық валютаға ауысатыны туралы хабарламалар тарап жатыр. Ұлттық банк ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Мессенджерлер қолма-қол ақшаны цифрлық теңгеге ауыстыру туралы айтылған жаңалық шығарылымы форматында жалған хабарламалар мен бейнероликтер тарады. «Цифрлық теңге жобасына инвестиция салуды» жарнамалайтын алаяқтық сайттар құрылуда», – деп атап өтті Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк мұны алаяқтық деп атап, цифрлық теңгенің қолма-қол ақшаны алмастыруға арналмағанын, бірақ қатар қолданылатынын ескертті.

Цифрлық теңгеге қатысты барлық сұрақтар бойынша қазақстандықтарға 1477 байланыс орталығына хабарласу ұсынылды.

15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің Х конгресінде цифрлық теңге платформасының тұсауы кесіліп, оның бірегей қасиеттері туралы айтылды.

Цифрлық теңге жобасының пилоттық нұсқасы 2022 жылы өтті. Пилоттық бес күн ішінде 3 594 транзакция жасалды, сатып алулардың 68%-ы цифрлық теңге арқылы жүзеге асырылды.

Цифрлық теңгені енгізу қажеттігі туралы түпкілікті шешімді жыл соңына дейін президент қабылдайды.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда қолма-қол ақша айналымы 18%-ға дейін төмендейтіні туралы жазған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!