Кез келген мамандықтың ең үлкен марапаты – адал еңбекпен келген абырой мен ел ықыласына бөленген құрмет. Бүгін ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекеме басшылығы мен қызметкерлері мемлекет мүддесі жолындағы миссиясын адал атқарған, жоғары шен мен лайықты лауазымда болса да, жұртпен жүз тайысып көрмеген қос азаматты құрметті зейнет демалысына шығарып салды.

Иә, қызметтің қия жолынан, сынның сүрлеу-соқпағынан сүрінбей өткен әділет подполковнигі Өмірзақ Сейдахметов пен әділет подполковнигі Самат Сұлтанғазиннің сара жолы – кейінгі буынға үлгі. Бұл туралы салтанатты жиынды ашқан мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Айбол Тимурұлы құттықтау сөзінде ерекше атап өтті.

Абыроймен астасқан ғазиз ғұмырдың жұп-жұмыр жүректі қозғар жарқын сәттерін жаңғыртып, қос әріптестің өмір белесі бедерлеген бейнематериал да ұсынылды. Ортақ қуанышқа өнерімен үлес қосқан мекеме қызметкерлері Ақниет Қалмұратов және Асылжан Әбдішүкір, Ясин Мұхтаров музыкалық тарту жасады.

Жолынан жаңылмаған мекеме ұжымы әріптестерінің иығына шапан жауып, сый-сияпатын табыстады.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!