Жыландар Илон Масктың жобасына кедергі келтіруі мүмкін. Тесла компаниясы Берлин маңында алып кәсіпорын салуда. Енді құрылыс мерзімі созылып кетуі мүмкін. Оған бауырымен жорғалаушылардың ұйқысы себеп болуда. Берлиннің Tagesspiegel басылымы, кейін Reuters агенттігі хабарлағандай, неміс соты Тесла компаниясына 300 га жердегі ағашты отауға тыйым салған. Бұл Берлиннің оңтүстік шығысындағы Бранденбург аймағына тиесілі алқап. Өйткені экологтар алаңдаулы. Олар қазір ұйқыда жатқан жыландар қырылуы мүмкін деп дабыл қағуда. Енді шешім қабылдау үшін ел үкіметі қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ведомстваның өкілдерімен кеңеседі.

Жергілікті NABU экологиялық тобының мүшелері құрылысты тоқтатуға қатысты бастама көтерген және экологиялық мәселеге қатысты бұл алғашқы дау емес. 2020 жылдың басында жергілікті белсенділер Тесла компаниясы зауытының құрылысына қарсы шықты. Олар ағашты отамауды талап етті. Бранденбург жасыл лигасының қоршаған ортаны қорғаушылары зауыттың аймақтағы судың сапасына кері әсерін айтқан соң, құрылыс жұмысы тоқтаған еді. Бірақ Тесла экологтармен мәселені тез шешіп, құрылыс қайта жанданды. Ол кезде 92 гектардағы орман алқабы оталды. Тесла веб сайтында көрсетілгендей, олар Бранденбург жеріндегі зауыт аймағындағы жерді көркейтуді көздейді. «Ол үшін эколог және сарапшылар тобымен тығыз жұмыс істеп келеді деген жазба бар еді. Қазір Gigafactory Berlin-Brandenburg заманауи және экологиялық таза элементтерге негізделген таптырмас жұмыс орнына айналады делінген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!