Қазақтың «қыдырып қайтайық» деген сөзінің аясы кең. Себебі ел азаматтарының саяхаттауға деген құмарлығын айтып жеткізу мүмкін емес. Кейбір жандар саяхаттау үшін ғана жаралғандай. Жаңа, қызықты оқиғаларды бастан кешуді жаны қалап тұрады. Ал кейбір адамдар оны дүниетаным кеңейтудің жолы емес, тек демалыс деп қана ұғады. Қалай десек те, екі топтағы жандар да қаражаты мен күш-қуатын қыдыруға, ел тануға жұмсайды. Сондай жерлесіміздің бірі, жиһанкез – Әсем Қаһарманова.

– Саяхаттау – менің бала күнгі арманым. Оқушы кезімде география пәнінен сабақ беретін Дария апайымның қолынан үлкен әлем картасы түспейтін. Сабақтың 45 минуты картадағы 190-нан астам мемлекет пен астаналары, аралдар мен мұхит, теңіздердің атауын жаттаумен өтетін. Тақтаға шығып картадан аталған мемлекеттерді тауып, тарихы туралы түсінік айтатынбыз. Сол кезеңде “бір күндері осы мемлекеттерді аралайтын уақыт келеді” деген іштей сенім болатын.

Шет мемлекетке алғашқы сапарым 2014 жылы басталды. Ол уақытта студент ретінде басты мақсатым – білім алу еді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы 2014 жылы Қырғызстан мемлекеті, Бішкек қаласы Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз Ұлттық универсиетінде білімімді шыңдап, 2016 жылы Қытай елі Санджы қаласының белді оқу орнында тәжірибе жинақтадым.

Мысалы тіл үйренудің басты әдісі – тәжірибе. Қытай тілі сабағының бірінші күнінде теория жүзінде ереже жазып, саудаға байланысты жаңа сөз жаттасақ, екінші күннің тапсырмасы дүкендерге барып, жаңа сөздерді пайдаланып, сатушылармен сөйлесіп, керек заттарымызды алу болатын. Мұғалім үндемейді, бірақ бізбен бірге еріп жүреді және сол арқылы бізді бағалайтын, – деді Әсем Бекнұрқызы.

Оның айтуынша, әр елдің өзіне тән білім жүйесі бар. Ешбірі салыстыруға келмейді. Оқу барысында өзіне керек ақпаратты түртіп алып отырған.

Жиһанкез ару саяхатшы ретінде осы кезге дейін 10 мемлекет, 25-тен астам қаланы аралап үлгерген. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Еуропа мемлекеттері.

– Еуропаға саяхат кезінде ұнағаны – қалалар тұрмақ мемлекеттердің бір-біріне жақын орналасқаны. Аз уақыт аралығында автобуспен бірнеше мемлекетке барып-қайтуға болады. Барған әр қаланың орындары бөлек. Керемет пейзаждар, қайталанбас табиғат, ежелгі сәулет, тарихи ескерткіштер – бәрін бір уақытта Еуропадан табуға болады. Ерекше ұнағаны Испанияға тиесілі Балеар архипелагының астанасы – Пальма де Майорка аралы. Бұл қала заманауи және ортағасырлық сәулет өнерінің ерекше қоспасы. Мұнда ежелгі соборлар мен тар көшелер, ыңғайлы қонақ үйлер мен қалалық ғимараттар тамаша үйлесім тапқан. Орта ғасырда басқыншылық соғысынан кейін шіркеуге айналған мешіт те осында орналасқан.

Биыл іс-сапармен Моңғолияда болдым. Бұл ел көпшілік үшін жұмбақ мемлекет. Мен үшін де солай болған. Сапар аясында жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның ту тіккен жерін жаңа қырынан таныдым. Бір қызығы, моңғол азаматы елдің кез келген аймағынан тегін 0,7 гектар жерге киіз үйін тігіп, өмір сүре береді. Салт-дәстүрлерінің өздеріне тән өзгешелігі бар, ал ұлттық ойындары бізге ұқсас келеді, – дейді Әсем.

Саяхат азарт ойыны секілді, ел аралаған сайын құштарың оянып, тынысың ашылады. Ол үшін де өмір салтына айналып бара жатқандай. Әр жылын жоспарлағанда саяхатқа міндетті түрде арнайы күн белгілеп қояды.

– Жалпы демалудың екі түрі бар: бірі теңіз жағалауларында суға түсіп, күнге күюді ғана мақсат ететін пассивті демалыс болса, ендігісі қала аралап, жергілікті музейлерге барып тарихымен танысу, тұрғындардың тыныс-тіршілігі мен мәдениетін көзбен көру активті демалыс түрі. Маған екінші түрі жаныма жақын.

Жақындарым мен достарым үшін мен кішкентай жолдорбасы бар саяхатшы Дарамын. Осы тұста саяхатшы мен туристің айырмашылығын білген жөн секілді.

Турист тек оншақты күнге тур алып, турагенттің жоспарына сай елді аралап, көре алады. Ал саяхатшы шетелге шыққанда жүріп өтетін маршрутын өзі белгілейді, қаласа жоспарын, бағытын оңай өзгерте алады. Сәйкесінше, саяхатшының күнделікті өмірі де туристке қарағанда ерекше, қызыққа толы болады. Себебі жоспарсыз шытырмандарға тап болуыңыз да мүмкін. Мысалы, сіз бүгін бес жұлдызды қонақ үйде жатсаңыз, ертеңіне әуежайда түнеуіңіз де ғажап емес. Кез келген жағдайға дайын болу керек, – дейді жиһанкез.

Жасыратыны жоқ, саяхаттау адамды төзімді әрі мықты етеді. Жиі саяхаттайтын адам жолсапар барысында әртүрлі жағдайларға тап болады, өзі үшін жаңалық ашады. Соның нәтижесінде оның тез шешім қабылдап, әрекет ету қабілеті арта бастайды.

– Ақшаны дұрыс жұмсауды үйренесің. Шет елде жүріп, сол елдің тілін білсеңіз жақсы, білмеген жағдайда жол сұрау үшін ымдап түсіндірудің өзі сіздің коммуникациялық, адаммен қарым-қатынас орнату, тез тіл табысу қасиетіңізді дамытады. Жаңа ортаға оңай бейімделу әр саяхатшыға тән. Сонымен қатар дүниетанымы, жалпы таным көкжиегі үнемі кеңейіп отырады.

Сондықтан өзім үнемді саяхаттау үшін 5 лайфхакты естен шығармаймын. Біріншісі, ұшаққа билетті арзан алу үшін 1-2 ай бұрын тапсырыс беру немесе тікелей рейс емес, белгілі бір қалаға дейін ұшып, сол жақтан отыруға болады. Екіншіден, қымбат дәмхана емес, көшеден тамақтану немесе қоғамдық асханалардан тамақтану, бес жұлдызды қонақ үй емес, хостель жалдау арқылы үнемдеуге болады.

Саяхаттың негізгі мақсатын ұмытпаған абзал, яғни сіз шоппинг немесе туған-туыстардың әрқайсысына естелік кәдесыйлар аламын деп қаражатыңызды шашқаннан гөрі жаңа әсер алуға жұмсағаныңыз жөн. Экскурсия жүргізушінің немесе гидтің ақылы көмегіне жүгінбей, көретін жеріңіз туралы деректерді өзіңіз алдын ала оқып алып немесе экскурсшы жалдаған топқа қосылу арқылы ақпаратқа қанық бола аласыз.

Алғаш саяхаттап отырсаңыз, өз еліміздегі жерлерден бастауыңызға болады. Елімізде туризм жоғары деңгейде дамымаса да, көруге тұрарлық әсем жерлер аз емес. Ал шет елдерге келер болсақ, біздің елімізге жақын орналасқан Өзбекстан, Ресей, Түркия мемлекеттерінен бастасаңыз болады. Аталған елдерді аралау қалтаңызға салмақ түсірмейді, ұсынары көп.

Саяхат кезінде табиғаттың түрлі ғажайыптары кездеседі: көк аспан, биік таулар, терең мұхиттар, ұшы-қиыры жоқ кең дала. Бұл мен үшін шексіздік пен еркіндік ұғымымен парапар түсінік, – деді Ә.Қаһарманова.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!