Нар тұлға, батыл, қайратты деген сөздерді естігенде көз алдымызға ер адамдардың бейнесі елестейді. Алайда бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел затының жеткен жетістіктері туралы айта бермейміз. Бұл мақаламызда «шыны жартастың» шыңына бірінші болып жеткен шынарлар туралы сөз қозғайтын боламыз. Себебі Қазақстанның еңбек нарығында 4,3 миллион әйел бар екенін білдік.

Жаңа ұғым қалай пайда болды?

Бұл ұғым 2005 жылы Эксетер университетінің қабырғасында білім беретін ғалымдар Мишель Райан мен Александр Хасламның арқасында қолданысқа енді. Олар “басшылықта әйел болса, ол құрдымға әкеледі” деп білген ғалым Элизабет Джадждың тұжырымын теріске шығарған. Элизабет “тізгінді өз қолына алған әйел мамандар компанияға зиянын тигізеді, сондай-ақ олардың кесірінен қаржылық көрсеткіштер төмендейді және фирма пайдасын жоғалтады” деп пайымдаған. Алайда Мишель мен Райан жүздеген компания арасында зерттеу жүргізіп, мынадай теория ұсынған: компания құрдымға кеткен кезде барып, әйел адамдарды басшылар қатарына қосады. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, әйел адамды кінәлі етіп көрсету ұтымдырақ. Мұның бірнеше аспектісі де бар. Ғалымдардың айтуынша, әйел адам – ер адамның келтірген залалдарын түзетуге бейімделген. Себебі олар – төзімді, өзін тыңдатып және өзгеге де құлақ асуға бейім. Сондай-ақ кез келген жағдайда жол тауып, екі жаққа да тиімді шешім шығарып, компромисске келе алады. Бұл тұрғыда ер адамдар көбіне бір жақты ойланатыны рас.

Саясаттағы сұлулар

Саясат төңірегінде сынға түсетін сұлу аз деп айта алмаймыз. Себебі гендерлік теңсіздік әлі күнге дейін актуалды мәселе. Басшылықтан әйел адамды көргенде шошынатын халық, билік басына келген әйелге сенімсіздік танытатыны да жасырын емес. Дегенмен, Абай айтқан “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі” тең ұстап, көреген шешім, батыл қадамымен сап көшіне шыққан арулар жетерлік.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 5 ақпанында Қазақстан Үкіметі толық құрамда отставкаға кеткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 6 қаңтарда елдің жаңа Премьер-Министрі тағайындалып, Министрлер кабинеті құрылған еді. Біршама өзгерістер енгізілген Үкімет басшылығы 4 әйелмен толысты. Атап айтсақ, Аида Балаева – Мәдениет және ақпарат министрі, Тамара Дүйсенова – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін сақтап қалды, ал Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында қалса, сырбойлық Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалды.

Ақмарал Әлназарова – жоғары санатты қазақстандық дәрігер-гигиенист, жоғары санатты дәрігер-педиатр, медицина ғылымдарының докторы. Еңбек жолын қарапайым дәрігерліктен бастаған ол үздіксіз еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында денсаулық сақтау министрі қызметіне дейін көтерілді. Осы кезге дейін әлеуметтік салада тиянақты қызмет атқарған Ақмарал Шәріпбайқызы ел игілігі үшін аянбай тер төгетінін айта оты- ра, көкейкесті мәселелерді түп тамырымен шешу – жарқын болашаққа жол ашады деген пікірді алға тартады.

Ал Қазақстан тарихында ең алғаш әйел-әкім титулына ие болған саясаткер Гүлшара Әбдіхалықова. Сыр бойының тумасы мансаптық баспалдағын әлеуметтік қызметкер болып бастаған. Оның көптеген белестен көрініп, беделді қызметтерді атқарғаны бәрімізге мәлім. Биязылығымен біраз жанды мойындата алған Гүлшара Әбдіхалықовадан кейін әлі облыс басшылығына әйел адам тағайындалмады.

Білігі мен білімі қатар жан

Қызметін абыройлы атқарып, білім саласында көпшілікті мойындата білген жандар арасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ең алғаш әйел басшысы болған Бейбіткүл Сәрсемханқызы бар.

Еңбек жолын Қазақ қыздар педагогикалық институты филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып бастаған ол бүгінде Қорқыт ата университетінің басқарма төрағасы-ректоры, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында жыл сайын университет бюджетінен ғылыми зерттеулерге гранттар бөледі. Олардың жал- пы көлемі 20 млн теңгені құрады. Ректор студенттерімен қатар өзі де әлі күнге дейін біліктілігін арттырып, жаңа білім алуға ынталанып тұрады. Оқу орнын жоғары деңгейге көтеріп, дамыған елдермен халықаралық байланысты нығайтып, әрбір студенттің лайықты білім алуын жан- жақты қамтамасыз етіп отырған Бейбіткүл Кәрімова барлық шәкіртін қолдауға дайын екенін жеткізді.

Спорт саңлағы

Нәзік жан дегенімізбен ептілі мен батылдығы басым аруларды жиі кездестіреміз. Спорт саласында да өзін дәлелдеп, сыр бойының беделін асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Солардың бірі және бірегейі – Мөлдір Жаңбырбай. Ол Мажарстандағы каратэден әлем чемпионатында азуы алты қарыс дамыған мемлекеттерден келген кіл мықтылардан басып озып, дүбірлі додада ең алғаш аталған спорт түрінен әйел-чемпион атанған. Қарсыласын табандылықпен жеңіп, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған Мөлдірдің есімі тарихта қалатыны сөзсіз.

Билік басындағы бикелер

Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің 55,4%-ы әйелдер. Билік 2030 жылға қарай басшылықтағы, соттағы, мемлекеттік органдардағы, квазимемлекеттік компаниялардағы және корпоративтік сектордағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуді жоспарлауда.

Парламентаралық Одақтың (ЖПҚ) соңғы есептеулеріне сәйкес, Әлем парламенттеріндегі әйелдердің үлесі 26,9%-ға жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 0,4%-ға өсті, ол 2022 жылғы өсу қарқынына сәйкес келеді. Алайда бұл көрсеткіш 2020-2021 жылдары депутат әйелдердің санының 0,6%-ға тез өсуіне байланысты сәл бәсең екендігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ бүкіл әлем бойынша жаңадан сайланған 27,6% депутат – әйелдер. Бұл алдыңғы сауалнамаларға қарағанда 1,4 пайызға көп.

Әйелдің 40 жаны бар

Нәзік жандар кез келген салада жетістікке жету үшін көп жұмыс істеуі қажет болады. Жұмыстың қиындығы ешкімді алаңдатпайды. Егер ол компания жұмысын жақсарта алмаса, мұны мансапқа соққы дей берсек те болады. Себебі әйел адамға деген сенім мардымсыз. Алайда көп жағдайда әйел басқарған жер жетістікке жетпей қоймайды. Атап өткеніміздің бәрі әйел затының билікке оңайлықпен келе салмайтынының айқын көрінісі.

– Көптеген елде «әйелдің саясатта орны жоқ, ол қалай басқаруды білмейді» деген стереотип қалыптасып қалған. Бірақ бұл пайымдауды жоққа шығарамыз. Мен саяси мансабымды тек өзімнің арқамда құрдым. Шынында да, әйелдердің артықшылықтары бар – жұмсақ күш иесі, икемділік пен даналық, әділеттілік, педантикалық қабілетке ие, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына бейімділік аз. Әйел саясаткерлер ер адамдардан кем жұмыс істемейтіндіктерін дәлелдеді.

Маған ерлер командасында жұмыс істеу қиын емес. Депутаттар әріптестеріне құрметпен қарайды, ал қалғанының бәрі бізге байланысты. Бәрімен күресуге дайынбыз, – дейді қоғам белсендісі, саясаткер Қарақат Әбден.

Түйін: Тарих беттерінде Томиристің, Клеопатра мен Тереза ана секілді тұлғалардың есімдері бекерден бекер қалмағаны анық. Елімізде жыл санап әйел мәртебесінің көтеріліп, заңға да көптеген өзгерістің енгенін көріп жүрміз. Бүгінде гендерлік шектеулер әйел затының мысын баспайды. Керісінше олар алға ұмтылуға, биік көтеріліп, жаңа жобаларды іске асыруда. Бұл болашақта арулар қысымсыз, кез келген ортада өз орнын табады деген үміт сыйлайды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!