Өткен жылдың соңын ала әдеби орта қазақ поэзия­сының жауқазыны деп бағалайтын Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» деген кітабының тұсаукесері өтті. Астанада. Сол сапарында Толқын Abai арнасының «Сарасөз» хабарында қонақ болды. Осы хабарды бір деммен көріп шығып, кітапты қолыма алуға асықтым. Ақын Толқынға ұнайтын сәт ол қай сәт?

Толқын өзі эфир барысында «… бұл – сәл нәрсеге балаша қуана ала­тын бақытты сәттерім және мұндай сәттер өте көп» деді, сонымен кітапты парақтай отырып, жүрегімді тербеген ойларды қағазға түсіріп көрсем. Мен Толқынға қызығам және мен жалғыз емеспін. Уақытым жоқ дегенді, жұмысбастылықты бедел көре ме, әйтеуір адамдары үнемі асығып жүретін қым-қуыт қарбалас әрі беймаза тіршілікте өзін қоршаған ғажайып поэзия әлемімен өзімен өзі өмір сүріп жатқан қандай бақытты адам деп ойлаушы едім. Француз жазушысы Виктор Гюгоның мына бір сөзін оқып, қызығушылығымның сыры тым тереңде екенін ұқтым. «…Біз бәріміз де сотталғандармыз, бәрімізге де өлім үкімі алдын ала шығарылып қойылған, алайда ол бел­гісіз мерзімге шегерілгендігі себепті осы аралықтағы біздің орнымыз уақытша бос тұрады.., – дейді Гюго.

Кейбіреулер бұл аралықты әрекетсіздікпен өткізеді, кейбіреулер тым әуесқойлыққа салынады; ең парасаттылары, тым болмағанда «осы дүниедегі қауыммен» бірге өнер мен әннің ортасында өткереді. Біздің қолымыздағы жалғыз мүмкіндігіміз – тамырдың соғуын ерте тоқтатпай, осы уақыт аралығын барынша ұзарту. Бізге осы өмірдің қуанышын сезіну, шексіз шабыт пен махаббат мұңы, көпшілігіміздің бойымыздан табылатын табиғи қасиеттер, түрлі-түрлі риясыз және басқа да құлшыныс ұлы құштарлық арқылы беріледі. Тек осы құштарлық жалындаған, сөнбес сезімнің жемісін беретініне сеніңіз. Мұндай даналықтан туындайтын поэтикалық құштарлық, әдемілікке ұмтылыс, өнерге деген сүйіспеншілік аса зор мәнге ие болады. Өйткені өнер сізге, турасын айтқанда, мінсіз сападан басқа ештеңе берместен, бір сәтке жай ғана келіп-кетеді». Бұл жолдар сөз өнері жайында айтылғанына еш күмәнданбаймын. Әрине, өнердің түр түрі бар, соған орай түрліше интерпретация жасауға болады. Әзірге даналықтан туындайтын поэтикалық құштарлық – сөз өнері туралы айтайықшы.

Бізді қызықтыратын да сол, өлшеулі ғұмырды парасаттылықпен өткізуге ұмтылған ақын Толқынның поэзия әлемі екен.

Француз символистерінің бірі Стефон Малларменің мінсіз рухани шынайылыққа қол жеткізуде поэзияның ерекше қабілетіне назар аударуы тегін емес. «Поэзия моралдық мақсатқа қызмет еткен жоқ, оған қоса әлеуметтік қолданысқа де ие болмады. Есесіне бұл идеалды жаулап алудың айрықша үстем тәсілі болды» деп жазды ол.

Толқынның идеалы – оған ұнайтын сәт, бұл – сағыныш, сағыну. Кітап 114 бет, соның ішінде «сағыну» деген етістіктен құралған 94 сөз бар.

Кітапты ашқаннан-ақ:

…Аңсарыңды бұғаулап,

Арманыңа құн кескен,

Сағынышың жазалы,

Құштарлығың – ол күнә…

…Ақын болу азабын,

Адам болу мұратын.

Сезіндірген бұл жолда

Сағынышым – қуатым!..

…Жолайрықта бір үміт,

Қол бұлғайды, қимаймын.

Сағынышым – кінәсіз,

Құштарлығым – ол күнә, – деген жолдар бар.

(көп нүктелер өле­ңнің қысқартылып алынғанын, оның алдында және соңында басқа өлең қатары бар екенін білдіреді – автор)

Сағыныш, сағыну сезімі жазалы көрінгенмен, Өмір, Өлең оған сүйенеді. Ақын қуаты да сағынышта. Сондықтан ол – бейкүнә.

Әдебиет­тануда аффект теориясы біздің өмірімізде әсерленудің бірінші кезекте тұрғанын байқаған сәттен басталды емес пе? Біз ойланбастан бұрын сезінеміз. (Әсерлену 1960 жылдар шамасында зерттеу нысанына айналды). Бұл ретте Сильван Томкинс ең алғаш биологиялық тұрғыда негізделген келесі жұп әсерлердің бар екенін байыптаған екен. Олар: қызығу – толқу, қуану – рахаттану, таңдану – тебірену, қайғыру – азаптану, ашулану – буырқану, үрей – қатер, ұялу – қорлану. 

Осындағы «қайғыру – азаптану» сағынышпен мәндес. Грек тілінен шыққан «ностальгия» деген сөз бар. «Қайту» дегенді білдіреді, ауыру, ауырсыну деп те тұспалданады. Әдетте «Сезіну», «бар» сияқты етістіктерімен бірге қолданылады. Жалпы алғанда, «сағыну» етістігімен тең. Бұл – табиғи сезім, барлық мәдениетке ортақ, әмбебап ұғым. Сағыныш сезімін тудыратын себептердің бірі – жалғыздық.  Көп адамның ішінде ақынның жалғыз өзі ғана сезіне алған жай-күйі.

Сондықтан ақын:

«Кім ұққан?

Жанымның бар арпалысын.

Кім ұқсын?

Жүрегімнің әр қағысын.

Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге,

Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін.

Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың.

Сертімен сергелдеңнің,

Сабылыстың.

Жаңбырдай жауа алмайтын аласұрам,

Өртеген әр мезетте жалыны іштің» – («Сағынышым – қуатым») дейді.

Өмірінде өлеңді түсіне алмайтын адамдардың көзқарасымен қарасақ, күйеуі бар, бала-шағасы бар келіншек үнемі нені сағына беруі мүмкін?  Өлең жазуды тек ғашықтық деп түсінетіндердің пайымымен өлшесек, бұл не қылған дерт жазылмайтын?! Не деген сағыныш бұл? «Сенің атың – сағыныш, Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта…» деп батыл айта отырып: «Неге сонша сағынам, Аптығамын?», «Қанатына байлаған сағынышын, Жыл құсындай, неге мұнша торықтым?!.» деп сұрайды ақын да өзінен. Театрдағы қойылымдардан өмірдің боямасыз шындығын көргісі келетіндер поэзиядан да проблемаларды іздейтінін есте ұстасақ, қоғамның әрбір жағдайына азаматтық үн қосудың да Толқынға тән өзіндік дауысы бар.

«…Мен де сендей

ізгілікке құштар ем,

Естимісің?» («Қар секілді бола алсақ қой кінәсіз…»).

 Ақын Толқынның сағынышы – Ізгілік. Адамдары ешқашан өзін бақытсыз сезінбейтін, шаршамайтын, талмайтын және әлеуметтік әділдік үстемдік құратын Ізгілік мекенін мәңгілік аңсармен, сағынышпен мәндес қарап көрейік. «Жансебіл болған бір үміт» («Заманның мұңы – бар мұңым») сол сағыныш емес пе?! Сіз бұрын білмеген әлемді де, болмаған әлемді де сағынуға болады. Сағыныш бұл – кеңістік.

«Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныштың білсем егер мекенін,

Қанат бітіп ұшар ем…

Кім біледі?

Тағдырымның жолдарын,

Мен сүйініп, мен сүрген.

Кешіп келем ғұмыр күннің орманын,

Таңдар қалды күрсінген.

Кейде осылай алабұртып кетемін,

Қажытқанда құса әлем.

Сағыныш па?

Тапсам оның мекенін,

Құшағыма қысар ем…» («Қанат бітіп ұшар ем…»)

Сағыныштың тағы бір маңызды қызметі – өткен мен бүгін арасындағы байланысты нығайту. Басқаша айтқанда, өткенге оң көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, яғни сіз сағыну арқылы өміріңіздің мәнін үстей түсесіз. 

«…Сағынып келем,

Сағына берем мен сені.

Сүю дегеннің болмайды-ау мекен, мөлшері.

Жеті қат жер мен аспанның кезген арасын,

Өлең деп ұғам мен сені» («Іздеймін неге мен сені?..»)

Демек ақын өмірінің мәні сағыныш бұл – Өлең.

«…Алдамшы күндер бола алмай жанға тағы құт,

Өлеңді ғана жан-тәнімменен сағынып,

Күн кешіп келем» («Жүректе жатыр бар кінәм»), – дейді ақынның өзі ақтарыла.

Табиғаттың сан алуан құбылысы ақынның нәзік жанын өлең болып тербейді. Жаңбыр тамшысындағы діріл қаққан сан үміт – сағыныш, қара жерді құшып құлаған ақ ұлпа қар да – сағыныш. Күзбен де сағыныш болып қауышады. Көктеммен де сағыныш болып көріседі. Теңіз де – сағыныш. Үнсіздік те – сағыныш. («Үнсіздікте үміт барын кім білді? Сан ғасырлық сағыныштан өлмеген» «Үмітім бол тек қана!»)) Ақынның «Тәтті мұңы» да, «Тәтті түсі» де осы – Өлең сағынышы.

«Өн бойымның өлең бе, әлде киесі?

Мен еместей.

Мына жанның иесі.

Жұдырықтай жүрегімен алысқан.

Періште емес.

Пері де емес күй осы» («Бір тылсым бар») деп жазады ақын. Енді бірде:

«Жырла, жүрек!

Қайтадан алып-ұшып.

Құрғыр көңіл бассыншы сағынышын» («Жырла, жүрек!») – дейді. Өлең айтпай дауысы ашылмайтын әншілердей, өлең жазбай ақынның құштарлығы басылар ма?! Ақын сағынышының шегі жоқ. Бұл – таңқаларлық азап.  Әйтпесе ақын:

«…Қаламның ұшы – сағынышыммен боялып,

Тағы да, міне, мазалап отыр ескі өлең» («Болмадым неге көріпкел?») демес еді. 

«Өзге арманның қалмағандай құны түк,

Өлең болды ең аяулы серігім» («Өзегімде, өмір, сенің от демің…»). Ақын сағынышының сыры осында.

«Өзекте жыр,

көзімде мұң тұнжырап.

Көңіл қалай тыншымақ?

Қарашықта сол баяғы сағыныш,

Жүрегімде сол сұрақ» («Ғұмыр қалай шырғалаң»)

Ақын тебіренісін, ақын толғанысын Ұлы Ахаңнан, Ахмет Байтұрсынұлынан артық кім айта алған?! «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқары ғаламнан алмай, ішкері ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды; екінші, ішкері ғаламында болған халдерді, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатымен толғайды. Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда» дейді ол. Осы безбенге салсақ:

«Бақыт кейде болады екен қас-қағым.

Ғайыбыңды кім білген?

Кезде қайда?

көздерімде күн күлген,

Аяқасты аласарды аспаным.

Бар ғажабын ұсынбақ боп ұмсынған,

Көңіл ме әлде баянсыз?

Көбелектей көзсіз мұңға ұмтылған,

Жүрек, сен бе аяусыз?» («Бақытты ем ғой расында…») Рас, өлең деген ақындардың өз мұңын ләззатқа айналдыруы ғана емес, оның аяулы мұң шәрбатынан басқалардың да дәм татуы. Әлемдегі адамдардың елу пайыздан астамы үнемі сағынышпен жүреді екен. Біз де Толқын ақынмен бірге «сағыныштың сарқып ішіп бал дәмін» («Күз кеуде») деген сезімді бастан кешеміз.

«Сен құшпаған қиялымның әрбірін,

Құла дүзге лақтырып,

Сағыныштың сарқып іштім әр күнін,

Тамағыма тас тұнып» («Сәттер осы, безінген…»).

 Ақын үшін сағыныш – бір сырласу айнасы және жалғыз қалған­да жұбаныш («Сенің атың – сағыныш»). Оның жаны бар («Бір сағыныш қол бұлғайды артымда»). Оның сипаты бар («Сағынышыммен өлермен, Сағынбай сені күн кештім десем, сенер ме ең?»). Ақын оны сезеді («Сағынышын сездірді қала бүгін»). Ол да оны сағынады («Мен көктемді сағындым, көктем мені»). Сағыныш – ақынның музасы. Ақынның шабыты.

«Өлеңімде сезім кештім сұрапыл.

Ғұмырымның әр мезетін сүйдім мен.

Секундтары сағыныштан тұратын» («Бір ғаламат жүрегімде»). Ақынның сағынусыз күн кешпеген кезі жоқ. Ақын сағынышымен өмір сүреді. Егер сағыныш болмаса – арман да ғайып.

«Сағыныш жоқ.

Жоқ сезім.

Сабылыс та.

Сәттер ғайып,

Аңсаған алып-ұшқан.

Селт етпейтін қорқамын кескінімнен,

Жүректегі қорқамын жарылыстан» («Депрессия») Демек сағыныш бұл – Өмір, қозғалыс. Адам баласы сағыну арқылы өзінің өмір сүріп жатқанын сезінеді.

«Теңіз болсаң, тербеліп толқыныңдай,

Сағыныш боп мәңгілік тасып өтем» («Ғұмыр, саған ғашықпын!») – дейді ақын үні.

«Жалықтым бәлкім,

Жасандылықтың тезінен.

Уақыттан, мұңнан,

Шаттықтың тіпті өзінен.

Жабығып жүрмін,

Жалқы бір күймен алысып,

Сағынышымнан қалайша,

қайтіп безінем?!» («Ғұмыр дегенің осы ма?»). Бұл – ақынның жан сөзі.

«Жалғыздық құшып жүрмін мен,

Сағыныш елін мекендеп» («Досты сағыну»).

 Толқын жырларынан неге сағыныштың табын сезінеміз? Ақын оған жауап береді.

Беу, өмір!

Талай сыр бар тербеткен құндағыңда,

Тосының да көп, сенің жұмбағың да,

Бәлкім сенің мұңыңды жырладым ба?

Ізі қалған сазды ауыл қырларында.

Шаттығымды байқатпай ұрладың ба?

Сағыныш көп, сондықтан жырларымда,

Сағыныш көп, сондықтан жырларымда. («Бұл өмір…»)

«Ән, өлең, күй – ең сенімді үн, бұл үнмен адам мехнатын, рахатын, ғайратын, шафқатын, сүйіспеншілігін билейтін, қайғы-қасіретін Құдайға тапсырады, жеткізеді» деп жазады Әлихан Бөкейхан. Толқынның сағынышы да жазмышына бас ұрады («Біздің ғұмыр ғажайып»).

«Түнерген бұлт, сенесіз бе, ұқсайды,

Мен ұнатқан қабағына аңсардың.

Қолым созсам, бір құдірет тұсайды,

Мен тағы да, сағынышты қарсы алдым» («Мынау көкке мен ғана ма ынтызар?»).

Ақын ғұмырының ғажайып өлең өлкесінен сағыныштың самалы еседі. Жауыннан кейін жарқыраған күн секілді:

«Менің атым – сол баяғы Сағыныш,

Менің атым – сол баяғы Кешірім» («Адалдық па есімің?») деп ол (Сағыныш) күтпеген жерден, ғайыптан кіріп келетіндей.

Өлеңсүйер қауымға осы бір сәт сөзсіз ұнайды.

Айжан АБДУЛЛАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!