Бүгінгі музыка әлемі бұрынғыдай тек нотаның, жүректің және уақыттың ғана жемісі емес. Ол енді алгоритмнің, кодтың және арнайы PROMT-тардың да туындысына айналып барады. Бір кездері ән жазу шабыттың шарықтау шегіне жеткен сәтімен байланысты болса, қазір сол шабыттың орнын жасанды интеллект алмастырып жатқандай. Ән мәтінін де, әуенін де санаулы секундта құрастырып беретін технологияның кең таралуы өнердің табиғаты туралы үлкен сұрақ тудырып, оның құндылығына нұқсан келтіріп отыр.

Музыка қашан да адамның ішкі әлемінің айнасы саналған. Ән арқылы адам қуанышын да, қайғысын да жеткізген. Әрбір туындыда автордың өмір тәжірибесі, жан күйзелісі, сезімі мен ойы болушы еді. Ал бүгінгі жасанды интеллект арқылы жасалған әндерде сол тереңдік сақталып қалды деуге келмейді. Себебі алгоритм сезінбейді. Ол тек үйренеді, салыстырады және қайта құрастырады.

Қазір түрлі платформада жасанды интеллект көмегімен жасалған әндер қаптап кетті. Әсіресе әлеуметтік желілерде трендке айналған мұндай туындылар көпшілікке тез таралады. Мәселен, Instagram желісінен құлағымыз жауыр болған «Махаббатым» әні, оны көбі «Кетпе, күнім, кешір менің қиялымды» деп таниды. Бұл Лола деген өзбек әншісінің әні еді. Осы секілді кейбір танымал әндердің дауысын, стилін көшіріп, жаңа композиция ретінде ұсынатын жағдайларды жиі кездестіріп жүрміз.

Бұрын бір әннің дүниеге келуі ұзақ процесс болатын. Ақын мәтін жазатын, композитор әуен шығаратын, орындаушы оны жанымен жеткізетін. Бұл жолда қателік те, ізденіс те, еңбек те болатын. Ал қазір бір ғана команда арқылы толық дайын ән алуға болады. Бірақ ол туындыларда «жан» бар ма?

Музыканың мәні тек әуенде емес. Оның ең басты құндылығы адам сезімін жеткізуінде. Мысалы, Людвиг ван Бетховен өмірінің соңында есту қабілетінен айырылса да, әлемдік классикаға айналған туындыларын жазуды тоқтатпаған. Ол музыканы құлақпен емес, жүрекпен тыңдады. Оның әрбір шығармасында ішкі күрес, тағдырмен тартыс, адам рухының биіктігі сезіледі. Осындай еңбектің нәтижесінде туған өнер мен алгоритм арқылы жасалған өнімнің салмағын салыстыру қиын.

Жасанды интеллект шығармашылық процеске араласқан сайын, өнердің табиғаты өзгеріп барады. Қазір кейбір әндердің мәтіндері де арнайы бағдарламалар арқылы жазылады. Мұндай мәтіндерде рифма бар, құрылым бар, бірақ көбіне терең ой жетіспейді. Олар тыңдаушыға әсер етуі мүмкін, бірақ ұзақ уақыт есте қалатын рухани салмаққа ие бола алмайды. Ал артында ізі қалмаса, оның несі өнер?

Бұл құбылыстың тағы бір қауіпті тұсы бар. Ол авторлық құқық мәселесі. Жасанды интеллект бұрынғы мыңдаған әнді талдап, солардың элементтерін біріктіріп жаңа туынды жасайды. Бірақ «бұл жаңа дүние шынымен жаңа ма, әлде бұрынғының өзгертілген нұсқасы ма» деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Өнерде түпнұсқалық өте маңызды.

Дегенмен технологияны толықтай жоққа шығару да дұрыс емес. Жасанды интеллект музыканттарға көмекші құрал ретінде пайдалы болуы мүмкін. Ол идея ұсынуы, аранжировка жасауға көмектесуі, уақытты үнемдеуі мүмкін. Бірақ мәселе оны қалай қолдануда жатыр. Егер адам толықтай алгоритмге сүйенсе, онда шығармашылықтың өзі мәнін жоғалтады.

Өнер деген тек нәтиже емес, ол процесс. Ән жазу барысында автор өзімен жұмыс істейді, ойланады, ізденеді, қателеседі. Сол процестің өзі шығарманың құндылығын арттырады. Ал жасанды интеллект бұл процесті қысқартады. Нәтижесінде дайын өнім бар, бірақ оның артында тарих та, тәжірибе де жоқ.

Қазіргі тыңдарман да өзгерді. Жылдам тұтынылатын контент дәуірінде адамдар көбіне терең мағына іздеуден гөрі жеңіл әуенді таңдауға бейім. Бұл да жасанды интеллектпен жасалған әндердің көбеюіне әсер етіп отыр. Себебі мұндай әндер дәл осы сұранысқа сай келеді. Олар тез жасалады, тез таралады және тез ұмытылады.

Музыка тарихына көз жүгіртсек, ең ұлы туындылар уақыт сынынан өткен шығармалар екенін көреміз. Тіпті бұл жарық дүниеге шықпай кетке қаншама ән мен мелодия бар.

Қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылардың әрқайсысы тек әуен ғана емес, тұтас бір дәуірдің үні іспетті. Мүмкін бүгінде көп тыңдала бермесе де, әр жүректі тебірентіп, жанға тыныштық сыйлаған туынды аз емес. Солардың бірі – «Балқадиша» әні. Бір қарағанда махаббат жайлы лирикалық шығарма болғанымен, оның астарында қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы, қыз тағдыры, дәстүр мен таңдау мәселесі жатыр. Бұл әндегі әрбір жол тек сезім емес, дәуірдің тынысын жеткізеді һәм осындай мағыналы әндер тарихымызда кең көлемде кездеседі.

Одан бөлек, қанша жыл өтсе де, құндылығын жоғалтпаған Шәмші Қалдаяқовтың әндері әлі күнге дейін кез келген отырыста орындалатын туындылар қатарында. Дос-Мұқасанның, МузАРТ-тың, Сыр елінің тумасы Батырхан Шукеновтың әндері талай жанға демеу бола білді десек, артық айтқанымыз емес. Жә, бұл қатарды әлі де жалғастыруға болар еді, бірақ сөзіміздің астарын түсінген де боларсыз.

Жасанды интеллект мұндай туындыларды әзір ойлап таба алмайды және бәлкім ойлап таппағаны да дұрыс шығар. Себебі шынайы өнер туындысы сезімнен, ізденістен туады. Қиындықпен, еңбекпен кейде тіпті жоғалтумен келеді. Оның құны да болады. Егер біз өнерді жеңілдетіп, бір батырмамен жасайтын деңгейге түсірсек, онда оның қадірі де, қасиеті де бес тиын.

Қорытындылай келе, жасанды интеллект музыка саласына жаңа мүмкіндіктер алып келгенімен, оның көлеңкелі тұстарын ескергеніміз жөн. Ең бастысы, адам шығармашылықтағы өз орнын жоғалтпауы керек. Технология құрал болуы тиіс, ал өнердің өзегі адам болып қалғаны абзал.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!