19 қараша. 2021 жыл. Дәл осы күні Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің жанынан құрылған «Assorti» театры көрерменге алғашқы қойылымын ұсынды.
Міне, арада бес жыл өтті. Бүгінде театр ұжымы көрерменнің ықыласына бөленіп, өз аудиториясы қалыптасқан шығармашылық ұжымға айналды. Олар театр сахнасында қоғамдағы өзекті мәселелерді де, тарихи тұлғалардың тағдыры жайында да, жастар өміріндегі түрлі құбылыс туралы да көрсетті.

Мысалы ұжымның алғашқы қойылымдарының бірі – «Ызғар» трагедиясы. Спектакльдің желісі 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасына негізделіп, сол кезеңдегі жастардың азаттыққа ұмтылған рухын бейнелейді. Қойылым қазіргі уақыттағы қыз бен оның апасының әңгімесінен басталады. Апасы – Желтоқсан көтерілісінің куәгері. Қызына өткен тарихты баяндау арқылы көрерменді 35 жыл бұрынғы оқиғаларға жетелейді. Кейін студенттік өмірді бейнелейтін «Біз де перваш болғанбыз» қойылымы көрерменге жол тартты. Сонымен қатар «Мұғалім» атты психологиялық драмасы қойылды, бірнеше бөлімнен тұратын ерекше форматтағы трейлерді де сахналады, театр ұжымы батыр Мәншүк Мәметованың ерлігіне де құрмет көрсетті. «Батыр Мәншүк» спектакіліне 150 студент пен 50 мұғалім атсалысып, қойылым батырдың туған жері – Орал қаласында сахналанды. «Мәншүк апамыздың ізбасарлары, Мәншүк жастары ретінде республикалық спектакль қойдық» дейді олар.

Ал биыл бес жылдық белеске қадам басқан театр ұжымы көрерменге жаңа премьера ұсынды. Жуырда «Тастамашы, ана!» спектакілінің тұсаукесерін ұйымдастырды. Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйіне жиналған қалың көрермен спектакль барысында толқып, көз жасқа да ерік берді. Бұл – сахнаның киесін сезінген, өнерге шын берілген студенттердің еңбегінің нәтижесі болса керек.

Алайда көрермен сахнада дайын дүниені ғана көреді. Ал сол қойылымның артында айлар бойы жүргізілген тынымсыз дайындық, ізденіс пен еңбек жатыр. Премьераға бір күн қалғанда «Assorti» студенттер театрының ұжымымен танысу үшін мәдениет үйіне бардық. Сол жерде бізді театр жетекшілері Еркемай мен Арай қарсы алды. Айта кетейік, Еркемай Мейрамбекқызы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының 4 курс студенті, ал Арай Әубәкір бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі бөлімінің білім алушысы. Ол да биыл колледждегі оқуын тәмамдайды.
Біз кіргенде залдың іші қызу дайындық үстінде екен. Бірі сахнадағы жарықты реттеп жүрсе, енді бірі микрофондарды тексеріп, декорацияларды орын-орнына қойып әлек. Сахнаның бір шетінде студенттер мәтіндерін қайталап, бір-біріне демеу айтып тұр.
Премьераға санаулы уақыт қалғанымен, ешкімнің бойында шаршау байқалмайды. Керісінше, әрқайсының жүзінен толқу мен жауапкершілік сезіледі. Себебі көрермен алдында өнер көрсету – жай ғана рөл ойнау емес, үлкен еңбек пен сенімнің нәтижесі.
Театр жетекшілерінің айтуынша, жаңа қойылымға шамамен үш ай дайындалған.
− Бүгінге дейін махаббат, соғыс тақырыптары қозғалып, трейлер жанрында да қойылым қойдық. Бірақ ана мен баланың қарым-қатынасы жайында спектакль болмаған. Сондықтан биыл «Тастамашы, ана!» спектакілін қойып жатырмыз, − деді Еркемай Мейрамбекқызы.
Театр ұжымында 27 студент актер, ал олардан бөлек өнер бөлімінде білім алатын биші, әнші қыз-жігіттер бар. Олар актерлермен тығыз жұмыс істеп, қойылымды музыкамен сүйемелдейді. Мысалы премьерада жігіттерден құрылған «Kvinto» тобы жанды дауысты ән айтады.

− «Assorti» студенттер театрымен бірге былтырдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұл ұжым бізге қатты ұнайды, керемет жандар. Бізден кейін келетін студенттер де жақсы деңгейде жұмыс істейтініне сенемін, − деп пікір білдерген музыкалық білім беру мамандығының 4 курс студенті Абай Ерболатұлы қойылымдағы музыкалық сүйемелдеудің маңызына тоқталды.
− «Анашым-ай», «мама», «әкешім» секілді әндерді жанды дауыста орындаймыз. Бізде ешқандай фонограмма қолданылмайды. Жалпы сахналық қойылымның әсерлі шығуына дәл осы жанды музыка үлкен әсер береді. Көріністің эмоциялық қуатын күшейтетін де – осы музыка, – деді ол.

«Kvinto» тобы бұған дейін театрдың екі қойылымына қатысқан. Ал оған дейін «Япурай» хор ұжымы мен «Харизма» вокалдық тобы өнер көрсеткен. Осы топтардың жетекшісі Сәуле Әбдіжәмілқызымен де әңгімелесіп үлгірдік.
− Студенттермен бес жылдан бері бірге жұмыс істеп келемін. Барлығын өз баламдай көремін. Қазір дайындық жақсы деңгейде өтіп жатыр. Әрине, аздап толқу бар, бірақ бәрі сәтті өтетініне сенеміз! − деді ол.
Бағана айтқанымыздай театр ұжымында 27 студент бар. Олар тек сахнада рөл сомдап қана қоймайды. Қажет кезде реквизит тасиды, декорация орнатады, сахна артындағы жұмыстарға да көмектеседі. Себебі бұл ұжым үшін театр – ортақ еңбек пен бір мақсатқа жұмылған шығармашылық алаң. Декорациялар колледж жанындағы шеберханада жасалған. Әр деталь көрерменге сахнадағы оқиғаны жеткізу үшін ойластырылған. Мысалы ескі есік бірден назар аудартады. Сол секілді режиссерлік шешім бойынша әдейі ескі заттар таңдалып, балалар үйінің салқын атмосферасын жеткізуге мән берілген. Сахнадағы кубиктердің бірінде «Анашымды сағындым» деген жазу бар. Бұл – балалар үйіндегі баланың ең үлкен арманы мен сағынышын білдіретін деталь.
Басты рөлдегі кейіпкер – Ілияс. Спектакль 35 жастағы Ілиястың сөзінен бсталады. Ал оның бала кезін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ мұғалімі Диас Зейнулла сомдайды. Сөз барысында ол бұл рөлдің ауыр әрі үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтты. Десе де жоғары деңгейде алып шығатындарына сенімі мол.

Ал Еркемай Әлия есімді Ілиястың әпкесінің рөлін сомдайды.
− Ауыр сахнаның бірі − балалардың әкесінен айырылып қалуы. Жетім қалған 3 бала балалар үйіне жіберіледі. Жаңа жерге үйрене алмауы, қиындықтар, жылау секілді сахна көрсетіледі. Әлияның рөлін сомдау қатты қиын болмады. Себебі былтырғы премьерада да ауыр рөлдің бірін сомдадым, − деді ол.
Ал 2 курс студенті Шахназ Меңлібекте бүгін дебют. Ол Ілиястың қарындасын сомдайды. Театрға биыл кастинг арқылы өткен. Бірінші курс студенті кезінде осы театрдың сүйікті көрермені болған ол, бүгінде аға-әпкелерімен бірге бір сахнада өнер көрсетіп жүр.

Ал Арай Әубәкір спектакльде балалар үйінде бұрыннан тәрбиеленіп жүрген тентек қыздың рөлін сомдайды.
− Бұл кейіпкерді ойнау аса қиын болған жоқ. Себебі театрда жүргеніме биыл үш жыл болды. Осы уақыт ішінде жинаған тәжірибем рөлді ашуға көп көмектесті, − деді ол.
Тентек демекші, балалар үйіне жаңадан келген балаларға тиісіп, қысым көрсететін Даянның рөлін Әділет есімді жігіт сомдайды. Ал Фаридтің бейнесі – трагедиялық сипаттағы кейіпкер. Ол өзіне түскен ауыр қысымға шыдай алмай, өмірмен қоштасу жолын таңдайды.
Театр сахнасында өнер көрсетуді қалайтын студенттер үшін жыл сайын арнайы кастинг ұйымдастырылады.
− Иә. кастинг жыл сайын өтеді. Бұл ұжымның үздіксіз жаңарып отыруына мүмкіндік береді. Кастинге келетіндердің арасында ән айтуға, би билеуге, поэзия оқуға жақын өнерпаздар да бар. Сахнаға шығып, бір сөз айту да үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді. Сондықтан тек басты рөлді сомдайтын актерлер ғана емес, массовкада еңбек ететін студенттер де маңызды орын алады, − дейді Арай Нұрланқызы.
Міне, жас таланттардың дайындығын көзбен көріп, еңбегіне тәнті болдық. Болашақ мұғалімдерді даярлайтын колледждің студенттері біліммен қатар өнерден де хабардар екенін дәлелдеді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!