Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа ауыз тиген қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендіретін Наурыз мерекесі де келіп жетті. Ерекше ықыласпен, нағыз халықтық сипаттағы салтанатқа айналған мерекені тойлауға бар қазақ жұрты асығады. 2010 жылы халықаралық мейрам мәртебесін алған мереке сол уақыттан бері үш күн бойы тоқтаусыз тойланып келеді. Бұл күндері арнайы рәсімдер жасалып, наурыз көже дайындалып, аналарымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi түрлерін қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Қосылған жеті түрлі дән мен ақ ерекше дәм береді. Ал бұл дайындалған көже қасиетті тағам ғана емес, тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, қазақтар оны «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп жатады. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «…ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен». Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күні жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, ізгі тілекпен жаңа жылды қарсы алады. Биыл елімізде мерекеге демалыс күндері жалғасып, қазақстандықтар Наурыз мейрамын бес күн бойы атап өтеді.
Байқайсыз ба, жоғары да біз айтып өткен Наурыз мерекесіндегі жөн-жоралғылар сол уақыттан өз маңызын жойған емес. Керісінше, жыл өткен сайын елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні жылдағыға қарағанда сән-салтанатымен, жалпыхалықтық сипатымен ерекшеленді. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес, Қызылорда облысында 14 – 23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі ұйымдастырылып келеді.
Бұл онкүндік төл мерекемізді атап өтудің жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді, ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты насихаттауға бағытталған. Аймақта арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, әр күн белгілі бір тақырып аясында өтіп келеді. Осылайша жоспарланған шаралар Наурыз мерекесін өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналдыруға, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтуға септігін тигізеді.
Өткен жылы елімізде алғаш рет «Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы» қабылданып, түрлі іс-шаралар қолға алынған. Биыл да үрдіс бойынша Наурызнама онкүндігінде әр күнге арнайы тақырыптар бекітілді. Осы бағытта облыс көлемінде 103 іс-шара жоспарланса, оның 38-і облыстық деңгейде өткізіліп келеді.
Қызылордалықтар алғашқы күні «Амал мерекесінен» басталып, соңғы күні «Тазару күнімен» түйінделетін онкүндіктің бел ортасына келді. Қайырымдылық жасап, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін атап өтіп, «Шаңырақ күнінде шаттыққа кенелді. Сондай-ақ 18 наурыз күні «Ұлттық киім» күні облыс көлемінде түрлі челлендждерге жалғасып, дәстүрлі киім үлгілері дәріптеліп, кең көлемде насихаттала білді. Ал 19 наурыз – «Жаңару күні». Жаңару – өзгерістер мен жаңа белестер кезеңі. Табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Көкжиектер кеңейіп, мүмкіндіктер туады. Бұл күні елімізде үлкендер ағаш отырғызып, ұрпақтарымыз көктеп, көгерсін деп ниет етеді.
Сыр өңірі жыл сайын Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтіп, ерекше оқиғаларымен есте қалады. Биылғы жылы да әз-Наурыз Ә.Спанов (Өнер орталығының маңы) көшесін бойлай киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүрлерден көріністер мен арнайы көрмелер дайындалады. Қонақтарға елге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы, түрлі сайыстар мен театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін көпшілікпен тойлап, ерекше алыңыз, асығыңыз! Ұлыс оң, ақ мол болып, мереке құтты болсын!
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!