2026 жылғы 22-23 маусым аралығында app.testcenter.kz сайтында білім беру ұйымдарының басшыларын лауазымға конкурстық негізде тағайындау үшін тестілеуге өтініштерді қабылдау жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үміткерлерге арналған негізгі тестілеудің өзі 24 маусым күні өткізіледі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған тестілеуге қатысу құны 9 403 теңгені құрайды.

Сынақ ережесіне сәйкес, тестілеу 6 негізгі блок бойынша ұйымдастырылады. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Білім туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарынан 10 тапсырмадан, сондай-ақ Оқу-ағарту министрінің №348 және №385 бұйрықтары бойынша 4 тапсырмадан қамтылған.

Үміткерлер жинай алатын ең жоғары көрсеткіш – 48 балл, ал конкурстың келесі кезеңіне өту үшін бекітілген шекті деңгей 24 баллды құрайды. Әр заңнамалық блок бойынша қатысушылар кемінде 2-ден 5-ке дейін минималды балл жинауы тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!