Көрермен кино мен театр қойылымының тек дайын нұсқасын тамашалайды. Ал әрбір туындының шығармашылық жұмысы мен техникалық топ еңбегі елеусіз қалатыны жасырын емес. Әсіресе, кез келген қойылымның бастаушысы – сценарист, үйлестіруші, оператор туралы білетініміз аз. Осы орайда жуырда жерлесіміз, кино және театр сценарисі Айбек Жолмырзамен тілдесіп, салаға қатысты қызықты ақпарға қанықтық.

Кино мен театрды заманауи мәселе тоғыстырады

Соңғы уақытта көптеген отандық фильм мен театр қойылымында қолтаңба қалыптастыруға тырысудамын. Қос жанрға сценарий жазудың өзіне тән ерекшелігі мен ұқсастығы бар. Сценарий екі салада жуықтас мәнде жазылғанмен, бірнеше өзгерісті қаперге алу маңызды. Алғашқысы – сыртқы қалыбы, уақыт пен бөлім саны. Яғни, театрдағы қойылым 2-3 акттан аспаса, кинода ешқандай шектеу жоқ. Бұл шығарманың уақыты мен бөліміне айтарлықтай әсер етеді.
Ішкі құрылымына келер болсақ, кинода оқиға желісіне назар аударылса, театрда образдық мәнге басымдық беріледі. Киноиндустрияда оқиға желісі арқылы көрермен тарту, фильмге кезеңдік және қоғамдық өзгерісті қосу байқалады әрі еркіндік бар. Ал театрда қалыптасқан қағида сақталып, актерлік өнердің бұлжымас ережесі үнемі назарда. Жалпы, кино мен театрды заманауи мәселе тоғыстырады. Бірақ эстетикалық артықшылық тұрғысынан баға берсек, әрине, маған театр жақын.

Сценарист – автор емес

Қазіргі таңда кинотуынды мен театр қойылымына атсалысу үстіндемін. Кино немесе театр болсын, өзіме комедия жанрында сценарий жазған ұнайды. Бұған дейін «Ұлы дала жанұясы», «Әкесінің баласы», «НяняMan», «Көке», «А4» секілді sitcom, яғни комедиялық сериалдарға сценарий құрдым. Бәрі көрермен көңілінен шығып, оң бағасын алды деген сенімдемін. Алдағы уақытта толықметражды фильмге сценарий жазу ойда бар. Қазір дайындық процесі жүруде.
Ал театр саласында жүйелі ізденіс, тұрақты шығарылым бар деп айтуға болатындай. Себебі 2018 жылдан бастап «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының сцеранисі қызметін атқарамын. Қазіргі таңда шығармашылық ұжым қоржынындағы қойылымдар өзіндік бағытын қалыптастырып, мазмұндық ерекшелігін тапты деп ойлаймын. Театрдың 15 жылдық мерейтойына негізделген шығармалар да көрерменге жол тартты. Аталған шығармашылық еңбектерге үлес қоса алғанымды мақтан тұтамын.
Осы орайда шегініс жасап, маңызды ұғымның аражігін ажаратып алу керек. Театр саласында қойылымның идеясы барлық интеллектуалды еңбектің егесі болады. Яғни, оны автор деп атайды. Сценарист – автор емес, ол дайын идеяны дамытып, жанынан жанрға сай элемент қосып түрлендіруші. Мысалы, «Өнер қырандары» театры қойылымдарының негізгі авторы – Мадияр Серікбаев.

Қазақ тілі сценарий жазуға септесті

Кәсіби мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазақ тілі сценарий жазу дағдысын қалыптастыруға септесіп, сауатты маман болуға ықпал етті десем, артық емес. Өйткені сценарий жазумен байланысты сала. Онда грамматикалық қате кетуі ықтимал. Оған қоса әдебиет теориясынан барлық шығармаға тән құрылымды игеруге болады. Міне, осы артықшылық салаға бөтен емес екенімді сездіріп, дағдыны тез игеруге жол ашты.
Алдағы уақытта білім жетілдіру ойда бар. Қазір қосалқы білім, яғни, курстар мен семинар-тренингтен алған білім кәдеге асуда. Оған қоса бала кезден фильмге араласып, қызу ортада жүргендіктен , білігімді дипломмен растауға қажеттілік жоқ.
Көркем туындыға сценарий жазу үшін міндетті түрде кәсіби білім керек пе?» деген сауал жиі қойылады. Сол сұраққа жауап беретін уақыт келген секілді. Меніңше, сценарий жазуға кәсіби білім қажет емес. Сценарий жазу – өнер. Ал өнерге тума талант, жазу-сызуға қабілет жеткізлікті. Ынтасы бар әрбір адам өзінше нәтиже көрсете алады. Сондықтан арнайы оқу міндет емес.
Салаға жаңа қадам басқан жас шалыс ойламауы үшін айтайық. Сценариске арнайы кәсіби оқу қажет емес, бірақ жүйелі ізденіс керек. Қосалқы курс, семинарларға қатысып, жүйе қалыптастыру орынды. Ізденген өнерпазға барлық мүмкіндік бар, керек адам табылады. Белгілі кинорежиссёр, сценарист Жандос Құсайыновтың «Киносценарий әліппесі» деген кітабы бар. Сол еңбекте барлық қажетті дағды толық қамтылған. Оған қоса көптеген талантты әрі тәжірибелі мамандар курс өткізеді. Мұның барлығы мүмкіндік есігі екенін естен шығармау шарт.

Отбасылық драма жаныма жақын

Маған отбасылық, комедиялық драма жақын. Тұрмыс қатпарын әзілмен жеткізіп, мағыналы мән түюге үндейтін бағытқа бет бұрудамын. Десе де жанр алуандығы маманды жетілдіре түсетіні анық. Сондықтан өзге жанрдағы шығармаларды назарда ұстауға тырысамын. Әсіресе, әлемдік классикалық туындылардың сценариін бақылаған ұнайды.
Мәселен, көбі жазушы қатарына жатқызатын Стивен Кинг сценарий бағытының шексіздігін ұғындырды. Оның киносценарист ретіндегі еңбегі фантазиялық ұтқырлық, идеялық ерекшелікке толы. Әрбір экранизацияланған шығармасындағы жанрлық бояу қайталанбас қолтаңбаға толы. Бүгінде көптеген сценарист автор шығармасындағы элементтерді қолданып жүр.
Сондай-ақ Кристофер Ноланның кинотуындылары ерекше әсер етеді. Олар атсалысқан «Оппенгеймер» фильмінің сценарий құрылымы жаңалыққа толы. Netflix-тегі танымал фильмдердің сценариін жазған ағайынды Дафферлер де ерекше атауға тұрарлық.

Үздік үштік кім?

Қазақстандық сценаристер де өзіндік жол қалыптастыра алды деп санаймын. Әрбірі түрлі жанрдың алға жылжуына күш-жігерін салуда. Дегенмен үздік үштікті нақты атай аламын. Алғашқылардың қатарына «Өнер қырандары» театрының бас сценарисі, ұстазым Әбусайд Төлегенов енетіні сөзсіз. Одан кейін BAS Production кинокомпаниясының сценарисі Рүстем Омаровты ерекше атауға болады. Оның еңбектері комедия жанрындағы құбылыс болды десем, артық емес. Қазақстандық киноиндустриясында кассалық өзгеріс әкелген «Бизнес по-казахски», «5:32» фильмдерінің сценарий авторы Әлішер Өтеповті де білікті маман санаймын.

Корей мәдениеті ізімен

Қазақ кино, театр саласында бағыт түрленді. Экшн сахна көбейіп, хоррор, скринлайф секілді жанрлар белең алды. Алғашында тек комедия танымал болса, қазір көрермен өзге жанрларға қызығушылық танытуда. Режиссёр, сценаристер де оқырман сұранысына қарай жанжақты ізденуде.
Мысалы, Оңтүстік Корея мемлекетінің киноиндустриясы осы үрдісті бастан өткерді. Алғашқыда халық тек отбасылық комедияға әуес болса, кейін экшн, психология элементтері бар бағытқа ойысты. Тіпті қазір аралас жанрлардан құралған фильм­дер танымал екен. Сондықтан мен де қазақстандық қысқаметражды фильмнің жанр аясын өсіріп, оқырманның талғам кеңістігін ұлғайтқым келеді. Бұл бағытта екі фильмнің сценариін бітірдім. Түсірілім жақын арада басталатын болады.
Кез келген өнер адамы үшін шығарманың жоғары баға алуы маңызды. Бұл алдағы жоспар мен ұмытылысқа тікелей әсер етеді. Менің де сценарий жазған туындыларым көрерменге ұнаса, әрбірі еңбегімнен мән-мағына мен астар тапса, ойға алған міндеттің орындалғаны деп білемін. Сол үшін қарым-қабілетім жеткенше сапалы жазуға әрі қоғам назарындағы мәселелерді, әсіресе, отбасы олқылықтарын әзілмен жеткізуге тырысатын болатын. Негізгі миссия да – осы.

Әңгімелескен
Е.ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!