Кейінгі жылы ауылдан қалаға ағылған көште тоқтау болмай тұр. Болжам бойынша әлемдік урбанизация деңгейі 2050 жылға қарай 70 процентті құрауы мүмкін. Бұл – ойды сан-саққа жүгіртетін статистика. Бірақ мұның Жалағаш ауданындағы Ақсу ауылына қатысы жоқ. Себебі соңғы 10 жылдың көлемінде ауылдан бірде-бір адам қоныс аудармаған. Ақсудың дамуы көш ілгері, мұнда сан салада серпін бар және бұл қарқын «ауылдың болашағы жоқ» деген қасаң көзқарастан арылатын кез келгенін байқатады.

Ұлттық құндылықтың қайнар көзіне айналған ауылда ұлағатты сөз айтар ақсақал мен ақ жаулықты әжелер көп. Ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесіне сусындап өскен жастар бүгінде азамат атына лайық тұлға ретінде қалыптасты. Олардың дені Ақсудың ажарын арттырып, өсіп-өркендеуіне үлес қосуды мақсат-міндетім деп бағамдайды. Кезінде дипломын қолға алып, қалада қалуға емес, ауылға қайтуға асыққан Абай Боранқұлов соның қатарында. Дана Абай айтқан бес асыл істің бірі еңбекті жанына серік еткен жас кәсіптің көзін тауып, қазір «Ақбостай» фермер қожалығының жұмысын алға сүйреуге күш салып жүр. Ауыл шетіндегі жерді игеріп, алқапқа айналдырған оның күріш егумен айналысқанына да биыл үшінші жыл. Осы уақыт ішінде олжұмысты кеңседе көлеңкелеп емес, аптап ыстықта диқандармен бірге еңбектеніп, ілгерілеткен. Нәтижесінде қажетті техниканы жаңартып, дәнді ысырапсыз жиып алуға мүмкіндік артқан. Пандемияға байланысты шектеу егіс науқанына кесірін тигізе жаздаған тұста, су тапшылығы байқалып, күрішшілер әбігерге түскен сәтте де олар бірлескен істің, тынымсыз еңбектің арқасында тығырықтан шыққанын алға тартады. Осылайша, биыл да «ақбостайлықтар» қамбаны қызылға толтырып отыр. Кәсіпкер мұнда күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеген жұмысшылардың еңбегі зор деп біледі және олардың үлесін ескерусіз қалдырмауға асық. Өткен жылы Абай қожалықтың бригадир-күрішшісі Сайлау Аманжолов, дәнекерлеуші Қабылан Бишеев пен комбайншы Бекзат Ағисаевқа су жаңа көліктің кілтін табыстап, құрмет көрсеткен. Биыл да сол дәстүрден жаңылмақ емес.

Сырдан шыққан даңғайыр диқандардың, ата-әжелеріміз, аға-апаларымыздың өнегелі өмір жолы бізге үлгі. Олар таңнан қара кешке дейін тер төгіп, еңбектен қашпады. Қазір де «алма піс, ауызға түс» деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Еңбектеніп, талаптансаң ғана мерейің үстем болады. «Еңбек етпей елге өкпелеме, егін екпей жерге өкпелеме» деген халық даналығында үлкен мән бар. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз де бізді алға ұмтылып, ерік-жігерімізді жануға шақырады, дейді кәсіпкер.

Әңгіме барысында кейіпкеріміздің ісі мығым, мақсаты жүйелі екенін байқадық. Келер жылы Абай құны 200 млн теңге тұратын күріш ақтау және жем өңдеу зауытын салуды мақсат етіп отыр. Ал, бұған дейін Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» шаруашылығына да инвестор ретінде 150 млн теңге қаржы салған. Туған жерден туын тіккен жас елі игілігін еселеу жолында барын салмақ. Алдағы уақытта Ақсуда балалар ойын алаңын, мешіт жанынан асхана құрылысын салу және атшабарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарында. Бұдан бөлек, кент орталығынан Сәрке батыр ескерткішін орнатуды ойлайды. Іскер азамат батыр баба рухын осылай биіктетіп, Сәркенің ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етпек ниетте.

Айта кетейік, жақында Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясының иегері атанған болатын.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!