Бейне ойындар қазіргі қоғамдағы даулы мәселелердің бірі. Біреулер оны жек көреді және алкоголь, нашақор, т.б. сияқты тәуелділікке жатқызса, ал енді біреулері өнердің жаңа түрі деп бағалайды. Біз кімнің дұрыс, кімнің бұрыс айтатынына баға бере алмаймыз. Себебі бұл субьективті пікір. Сонда да ойынның адамды өзіне баурап алатыны соншалық адамдар өз өмірін сүрмейді, көбінесе шынайы әлемді ойынның әлемімен шатастырады. Мұндай адамдар қоғамға пайда әкелмейді, тіпті қоршаған ортадан оқшауланып, үйден шығуды қояды. Осы ойындардың зияны туралы айтылып-ақ келеді. Алайда бұған мән беріп жатқан ата-ана да, бала да жоқ. Керісінше күн сайын балалардың да, орта жастағы азаматтардың да аталмыш ойынға деген қызығушылығы артып, геймерлер көбеюде.

Геймер дегеніміз – ағылшын тілінің «game – ойын» сөзінен шыққан, ал «геймер» – «виртуалды ойыншы», яғни компьютерлік ойындарға тәуелді жандар. Геймер – хобби да, мамандық та, құрметті атақ та емес, керісінше психикалық патология. Олар күнін монитор алдында өткізеді. Бұл оның көңіл-күйі мен психикасына қатты әсер етеді. Күн сайын миллиардтаған адам ұйқысынан оянып, тамақтанып, ойын ойнауға кіріседі, бұл олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.

Бірақ қазір олар тек компьютерлік ойындарға тәуелді адамдар ғана емес, өзінің бүкіл мәдениеті бар, миллиондаған долларлық чемпионаттар ұйымдастырып, ойын ойнауын «жай ғана ойын» деп санамайтын геймерлер. Тіпті фильм көруге, мейрамханаға баруға ақшасы жетпейтін жасөспірімдер компьютер клубтарына бара бастаған. Осылайша клубтар танымал бола бастады, қызығы, бұндай клубты ашу қыиынға соқпайтын. Себебі арнайы инвестиция қажет етпейтін, тек компьютер сатып алып, интернетті қосса болғаны. Жұмыссыздар осы кәсіппен айналыса бастаған және бірнеше жылдың ішінде компьютер клубтарының саны бес есеге өскен.

Шаһарымызда мұндай клубтардың саны өте көп. Тіпті әрбір көшеде екі немесе одан да көп компьютер клубы орналасқан. Олардың қайсысына кірсеңіз де, бос орын таба алмайсыз. Мектеп оқушыларынан бастап отыздан асқан азаматтардың да балаша ойнағанын көру ерсі көрінеді.

Қазір Covid-19 таралуына байланысты үйде оқшаулануға мәжбүр болғандар уақытын осы ойындармен өткізіп, қызығушылығы артып, әлеуметтік желіде белсенді болып, онлайн ойынға ақша тігуге әуестенген. Геймерлер «компьютерлік ойындарды ойнау кезінде демалып, виртуалды әлемге тап болатынын» айтады.

Соңғы технологиялардың дамып, ойын түрлерінің көбеюі геймерлердің де көбеюіне әсер етпей қоймайды. Геймерлердің арасында өзінің ойынға деген қызуғышылығына байыппен қарап, ойынның шынайы өмір емес екенін түсінетіндер бар. Бірақ ойынды шынайы өмір дейтіндер де жоқ емес. Олар өздерін адамдармен араласудан алыстатып, әлемдегі барлық құбылыстарға бей-жай қарап, өзін ойынға ғана арнайды. Адамдар атыс ойындарын ойнап, шынайы өмірде адам өлтіргені туралы мысалдар мен ақпараттар жетерлік. Мұндай деректерді тек журналистердің өнертабысы деп атауға болмайды.

Компьютерлік ойындардың негізгі қаупі – қатыгездік пен агрессияны дамытуы. Балаға ең қауіптісі – ойынға деген тәуелділіктің күшеюі. Тәуелділіктің артып кетпеуі үшін қандай ойындар адам психикасына қауіпті екенін білген жөн. Рөлдік ойындар тәуелділікті тудыратын ең көшбасшы болып саналады. Өйткені онда бейне ойындардағы кейіпкерлермен толық біріге алады. Осыған байланысты әлеуметтік желіде сауалнама жүргізген болатынбыз. Толығырақ тоқталсақ.

Сауалнамада «Сіз компьютерде, ұялы телефонда қандай ойындар ойнайсыз? Ол ойын сізді несімен қызықтырады?» т.б. сұрақтар қамтылды. Әлеуметтік желі қолданушылардың 100 пайыз Dota2, 80 пайызы –Among us, Free fire сынды рөлдік ойындарды атады. Бұл ойындардың дизайны да қорқынышты, мұндай ойындарды ойнау арқылы емес, осы кейіпкерлермен танысу, көру арқылы да адам психологиясы бұзылуы мүмкін. «Ерекшелігі неде?» деген сауалға, барлығы «рөлдік ойнайтын болғандықтан қызықтырды» деп жауап берген. Біз бұл сауалнамаға қарай, геймерлердің күннен-күнге көбейіп жатқанын байқадық. Бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін көретін бұл құрылғыларда түрлі қызықты ойындар көп, әсіресе қазіргі таңда атыс-шабыс, соғыс ойындары көп ойналады. Бұның салдарынан түрлі бұзықтық, зорлық-зомбылық әрекеттері көбеюде. Күніне 4 сағат виртуалды ойын ойнаған адам бір жылда 1460 сағат, яғни 61 күнін шығындайды екен. Сонда бұл адамдарда не уақыт қалды? Өмір есептеулі, шексіз емес екенін естен шығармаған жөн.

Жансая ТІЛЕУ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!